Online обучение

Official INTERNET-RESOURCE

Taraz State Pedagogical University

abay175

FROM MARCH 16 UNIVERSITIES WILL SWITCH TO DISTANCE LEARNING



«Мінсіз ұрпақ» - ол Сіз!

There are no translations available.

2020 жылдың 12 наурызында "Дарынды ұстаз" факультетінің ұйымдастырумен Менторлар клубында кезекті дәрісті "Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер" кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрадин Гүлхан Болатқызы "Мінсіз ұрпақ" - ол Сіз!" атты тақырыпта жүргізді. Дәрістің тақырыбы да, мазмұны да ерекше болды. Ғалымның қолға алып зерттеу жасап жатырған "Z" ұрпақ, онымен қалай тіл табысу керек, оған қалай білім беру қажет, оның ерекшеліктері мен басымдылықтары қандай деген проблемаларды көтеріп, өзі құрастырған мінсіз ұрпақтың 12 критерийімен бөлісті. Лектор американдық, еуропалық "Z" ұрпақ болмысы мен қазақ қоғамының "Z" ұрпағы арасындағы  ерекшлеіктерді атап өте отырып, оларға тәрбие мен білім беруде, олармен қызметтес, әріптес болу кезіне үлкен дайындықтың болу қажеттігін негіздеді. Сол ұрпақтың ата-анасына, ұстазына қажетті ұсыныстар мен ақыл-кеңестер берілді.

Бұл әлемді шулатып, өздеріне қаратып, дүркіреп келе жатқан кімдер және біз олармен қарым-қатынасқа түсу үшін неге дайын болуымыз керек? деген орынды сауал туындайды.

Қазақстан әлемнің бір бөлшегі ретінде және дүниежүзілік технологиялық ғасырда өмір сүріп жатқандықтан мультимәдениет, глобалды мәдениет трендінен алшақ кете алмайды. Ғалымдардың негіздеуінше 2017 жылдан бастап өте бір ерекше кезең басталады. Бұл кезеңде 1963-1983 жылдар аралығындағы «Х», 1983-2003 жылдар аралығындағы «Y», 2003 жылдан бері қарай «Z» кезеңінің ұрпақтары, яғни үш ұрпақтың адамдары бірге жұмыс істейді. Аталмыш ұрпақтардың өмір сүру уақытындағы кезеңдік ерекшеліктер мен өзгерістерге байланысты олардың ойлау жүйелері де әрқилы. Мұндай кезеңдік ерекшелік жұмыс берушілердің алдына жаңа міндеттер қойды. Осыған орай, карьера, бизнес, жұмыс мәселелері бойынша жұмыс берушілерге ыңғайлы кадрлық саясат құруға көмектесу мақсатында INSEAD Emerging Markets Institute, Universum, MIT Leadership Centre және HEAD Foundation атты 4 бірдей зерттеу институты 19 елден 18 000 мамандар мен студенттердің қатысуымен ауқымды жұмыс жасады. Жұмыстың нәтижесі бойынша үш ұрпақтың көшбасшылық қасиеттері, жауапкершліктері мен бизнестегі қабілеттері екшеленген.

«Х» ұрпақтары тек өздеріне ғана сенеді, альтернативті ойлайды, таңдау мен өзгеруге қабілетті, әлемде болып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар. Сонымен бірге, олар көбіне жалғыз, ерен еңбек пен жеке басының жетістігіне үйренген. Бір бағытта көптеген жылдар бойы жылжып отырады.

«Y» ұрпақтарының табысқа жету туралы түсініктері «Х» ұрпақтарына қарағанда өзгешелеу. Олардың басым көпшілігі бірнеше жылдар өткен соң жоғарылауым мүмкін деген оймен кәсіби өсу жолын ең төменгі сатыдан бастауды ұнатпайды. Олар карьераның бірден шыңына шыққанды ұнатады, олардың бұл қасиеті бір қарағанда кемшілік болып көрінгенімен, кейде кемшіліктен гөрі жетістікке ұласып кететін кездері болады. «Y» ұрпақтары заманауи бизнестің үміті десе де болады, себебі олардың білімге деген құлшыныстары мен техникалық сауаттылықтары өте жоғары деңгейде.

«Z» ұрпақтарына кәсіби тұрғыдан әзірге баға беруге ертерек, себебі олардың жас мөлшерлері өз қабілеттерін толықтай көрсетуге жете қойған жоқ. Дегенменмен бұл үмітті ұрпақтың сана сезімі де тәуелсіз мемлекетіміз сынды бұғаудан азат. Олар өздерінің мүмкіндіктерін толық сезіне алады және үнемі өзін өзі жетілдіріп отыру қажеттігін жақсы түсінеді.

Осы формулаға Қазақстандық ұрпақтар толқынын салып көрсек:

70-50 жас аралығы – басшылыққа, адамның көңіліне қатты қарайды, өзінен өзгені жоғары қояды. Үнемі біреуге ұнағысы келеді және біреудің мақтағанын қалайды. Адалдық пен мейрімділікке, бауырмалдылық пен қонақжайлыққа баса назар аударады. Еңбекқор. Бұл жастағылар Кеңес одағында туылған және тәрбиеленгендіктен жақсы орындаушылар, жаңашылдыққа жатырқап қарайды, бірқалыптылық пен тұрақтылықты құптайды. Таршылықты көп көргендіктен бе екен, азық түліктің артығымен болғанын қалайды.

50-35 жас аралығы – еңбекке ынталы, бірақ жалқаулық пен кері тартпалыққа жиі бой алдырады. Өзгеге деген сенімсіздік пен секемшілдік басымырақ, бастапқы ойынан тез айниды, бірақ көбіне сол ойына қайта келеді. Тәукелге бел буғыш және еліктегіш. Бұл буын Кеңес одағында дүниеге келіп тәуелсіз елде ер жеткен жандар. Бұл буынның жүгі ауыр, себебі олар кеңес одағында тек бүгінгі күнмен өмір сүрген ата-анасына жәрдем береді, өзі аяққа тұруға тырысады және балаларына мұрагерлікке бір нәрсе қалдыруды мақсат етеді.

35-18 жас аралығы – ойлары еркін, пікірлері ашық. Сыйластық пен құрметті шектей біледі. Үлкен мақсаттар қоюдан қорықпайды. Тез шаршайды, тез жалығады, есесіне жаңалықты тез қабылдайды. Байлықты тым жақсы көреді, ертегіге сенбейді. Тез табылатын табыс пен біреудің қателігін тауып, соны бетіне басқанды жақсы көреді. Тазалық пен әсемдікті жақсы көреді.

Әлемдік кеңістікте таралып, заманауи ой талқыға салынып жүрген ұрпақтар байланысы академик Ғарифолла Есімнің философиялық еңбектерінде «ұрпақтар сабақтасығы» ұғымы арқылы былай тұжырымдалған. Ғалымның ойы түсінікті болу үшін, толық келтіріп кетейік.

1. ХІХ ғасырда отаршылық заманында дүниеге келген ұрпақтар: Дулат ақын, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай, Шәкәрім т.б. бұларды бағалау үшін, арнайы жүйе қажет. Олар Ресей отаршылдығының күшіне енген кезінде ғұмыр кешкен тұлғалар. Ол жөнінде тарихи-әдеби туралы көркем шығарма Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы.

2. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында дүниеге келген ұрпақтар: бұл кеңестік отаршыл заманы. Осы кезде өмір сүрген жақсы қазақтар дені «Халық жауы» атанып, азапталды, атылды.

Бұл екі ұрпақ та тарихи тұлғалар, дүниеден өткен адамдар. Бізге қалғаны, жеткені, олардың өмірбаяны және мұралары.

3. Қазіргі замандағы алпыс жастан асқан көзі тірілер, сексен бес, тоқсан жасқа келгендер. Бұлар коммунистік заманның ұрпақтары, өздері де коммунистер. Бұлардың дүниетанымы негізінен, коммунизм ілімімен уланған, бұлар негізінен, коммунистер, соцалистер.

4. Қазіргі қырық бестен алпыс жастағылар, негізінен, комсомолдар. Кезінде өздерін комсомолмыз деп мойындағандар. Бұлардың санасы негізінен, социалистік бағытта.

5. 35-45 жас аралығындағылар пионер қатарында болғандар. Бұлардың саяси көзқарасы әртекті, негізінен советтік құндылықтар жүйесіне жақын болуына таң қалуға болмайды. Бұл пионер ұрпақтар.

6. 25-35 жас аралығындағылар. Бұлар тәуелсіздік жылымен шамалас дүниеге келгендер. Сондықтан мен бұларды «күміс» ұрпақтар деймін.

7. 18-25 жас аралығындағыларды «алтын» ұрпақ деймін.

8. 18 жасқа дейінгілерді «бриллиант» ұрпақтар деймін.

Біздің болашағымыз, қазақ елінің бағы, көркі, келешегі, осы «күміс» ұрпаққа, «алтын» ұрпаққа және «бриллиант» ұрпақтарға тікелей қатысты. Бұл ұрпақтар арасында жақсы қазақтар үлесі мол болмақ деп тілейміз.

Аталмыш футурологиялық пікірлерге көбіне тарихи оқиғалар жиі ықпал етіп отырады. Қай кезеңде, қай елде болмасын жастарға деген ересектердің көңілі ешқашан толық болған емес. Халық мұрасы аталы сөздердің барлығы жастарға берген ақыл кеңес, бағыт бағдармен қатар, көңіл толмаушылықтың орнын толтыруға арналғандай. Халқымыз бала тәрбиесіне, оның ішінде қыз бен ұлды табиғи ерекшеліктеріне байланысты екі бөлек тәрбиелеуге аса мән берген. Алғашқы білім алу процесі кезіндеде ұлдар мен қыздарды бөлек оқытқан. Кейбір мұсылман елдері бұл оқыту жүйесін әлі күнге дейін ұстанады және оның тиімділігін көріп келеді. Өскелең шақта ұлдар мен қыздар бойындағы гормоналды өзгерістер олардың алаңсыз білім алуына өз кедергісін тигізеді.

Халық тәжірибесіндегі тыйымдар мықты тәрбие құралдарынынң бірі. Көптеген адамды тәрбиелеуге бағытталған кітаптарда не істеу керек екендігі айтылады, бірақ оны қалай істеу керек және нені істемеу керек екендігі айтыла бермейді. Әрбір істеуге болмайтын болмашы шарт, болашақтағы үлкен мәселенің алдын алуға қауһарлы. Қоғамымызда бүгінгі күні орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларға кінәлі деп табылған адамдарды жазалаумен іс бітпейді. Мәселе тамыры тереңде, яғни ұлттық тәрбиенің босаңсуы, халық даналықтары мен өсиеттерінің орындалмауы және жат тәрбиені этножадыға сәйкес немесе сәйкес еместігіне қарамастан бойға сіңіруіміз.

Халық тәжірибесіндегі «ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз», «ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қонғызба», «атадан тағылым көрмеген ұл жаман, анадан өнеге көрмеген қыз жаман», «қызға қырық үйден тыйым, қала берді есік алдындағы құлдан тыйым, ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын»деген даналық сөздер біраз қауіптің алдын алатын алғышарт іспетті. Концепцияда қыздарға қырық, ұлдарға отыз ықшамдалған және екшеленген тетіктер берілген. Тетіктерді түсіндіру, талқылау және санаға сіңдіру арқылы жастар бойында ұлттық тәрбие жүйесі қалыптасады.

Небір зұлмат замандарды бастан кешкен, талай рет тарих сахнасынан жойылып кете жаздаған, тарихи тағдыры ауыр қазақ халқының өміршең болуына үміт болған жалғыз фактор – «болашақ ұрпақтың бақыты» болған. Бүгінде бұл арман толғымен шындыққа айналды. Бүгінгі ұрпақтың мүмкіндіктері мол. Олай болса, осы күн үшін құрбан болғандардың «өтемі» ретінде жастар мінсіз болуы тиіс. Тек «мінсіз ұрпақ» ғана адамзат арманына айналған, сонау Арис­тотель, Платон, әл-Фараби, Абай тілеген, армандаған «мінсіз мемлекетті» қалыптастыра алады және онда өмір сүре алады. Сонымен болашақ «мінсіз ұрпақ» сипаты қандай, оның басты критерийлері нендей болуы тиіс. Он екі критерийге негізделген төмендегі «Мінсіз ұрпақ» болмысының сипаты жоғарыдағы сауалдарға жауап беруі мүмкін:

  1. Олар өздерінің «қазақ» екендігін мақтан тұтады, қаны таза, генетикалық мутацияға ұшырамаған текті ұрпақ жалғасы екенін жақсы түсінеді, жершілдік, рушылдық, жүзшілдік, яғни тройболизмнен аулақ, керісінше «әр қазақ менің жалғызым!» принципін ұстанады;
  2. Олар қазақша ойланатын, төл тілін жетік білетін,сауатты жаза алатын, оны әр салада (іскерлік, көркем әдеби, тұрмыстық т.б.) еркін пайдалана алатын, «менің ана тілім!» деп құрметтейтін, өз өмірінде, қоғамдық орындарда, білім алу процесі мен қызметінде күнделікті қолданып отыратын азаматтар. Олар орыс, ағылшын тілдерін де біледі, қажетіне пайдалана алады, өзге де тілдерді меңгеруге қауқарлы;
  3. Олар қайда жүрсе де туған жер, туған елін сағынады, қастерлейді, негізгі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, салт-дәстүрлерді құрметтеп, қажеттісін орынды пайдаланады;
  4. Олар жердің алыстығына, оқудың қиындығына қарамастан білім мен ғылымға ден қойған, жан-жақты, жаңалыққа жаны құмар,  креативті, кітапсүйер, ғылымға ғашық, зиялы азаматтар. Олар необілімді өз халқының, қала берді әлемнің игілігі үшін қажетке жаратуға дайын;
  5. Олар жеті атасын жетік біледі, ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-көлеммен араласады. Үйінің төргі бөлмесінде ұлттық жәдігерлерді (домбыра, қамшы, сандық, астау т.б.) сақтайды, өз ата-бабасының көзін (жеке заттарын) қадірлеп, балалары, немерелері мен шөберелеріне өнеге етіп, мирас етуге, үлгілі отбасы болуға  мүдделі. Киіз үйден бесікке дейінгі жәдігерлерді құны жойылмайтын, уақыт өзгерте алмайтын, әрі қайталанбайтын дара мәдениеттер деп түсінеді;
  6. Олар мемлекеттің ұстанған саясатын қолдайтын, мемлекет иелігі мен мүлкін қорғайтын, ешқашан қол сұқпайтын, мемлекет қауіпсіздігін күшейтуге ат салысатын, адалдықты ту еткен, әділет пен заңды берік ұста­натын, өтірік пен өсекті іс қылмайтын ар-ожданы биік, ынсапты, парасатты, патриот тұлғалар;
  7. Олар көбіне шариғатпен сәйкес келетін халықтың тұрмыстық философиясы мен ұлттық құндылықтарын ескере келе діні мен діліне берік азаматтар;
  8. Олар  өз саласындағы кәсіпті жақсы меңгерген майталман маман, еңбекқор, адал еңбегімен отбасын асырап, халыққа қызмет етуді ойлайтын қарапайым жандар. Жаңа кәсіптерді, қолөнерді  игеруге де мүдделі. Отандық өнімнің саны мен сапасын арттыруға үлес қосатын табыскер, ұқыпты салықтөлеуші және табысының бір бөлігін қайрымдылыққа жұмсайтын жомарт жандар;
  9. Олар қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын, сонымен қатар өзге де ұлттық және әлемдік музыкалық аспаптарды тыңдайтын, кейбірін пайдалана алатын дәрежеде. Жалпы өнерді сүйетін, құрметтейтін, мәдениетті адамдар;
  10. Олар өз және өзге денсаулығына күтіммен қарайтын, салауатты өмір салтын ұстанатын, адам ағзасына зиян (ішімдік, шылым, кальян, наркотик т.б.) заттарды тұтынбайтын, адал, әрі пайдалы ас ішетін, спортқа, табиғатқа жақын жүретіндер.
  11. Олар малдарды түліктерге бөле отырып, олардың тіршілік ету ыңғайларын табиғат жағдайымен орайластыру, көбейту, асылдандыру, есебін алу, табиғаттың тосын апаттарынан аман сақтау, тұрмыстық азыққа, киімге, айырбас тауарға айналдыру және тағы да басқа мәселелерін игерген, сонымен қатар, осы аталғандарды жүзеге асыру барысында қисынды ой, далалық білім, аса талғампаздық, сыншылдық, саналы және шұғыл шешім қабылдауға дағдылану, табиғатқа төселу сынды мінез-құлыққа ие болып, жалпы айтқанда дала философиясын тұрмыстық философияға айналдырған азаматтар. Олар мал шаруашылығын негізге ала отырып, егіншілік, қол өнершілік, кәсіпшілікпен де айналысып, өздерінің ұлттық мәдениетін қалыптастырған, дала өркениетін, оның ішінде қазақ өркениеті мен тұрмыс мәдениетін ең жоғарғы деңгейде дамытқан ұрпақтар.
  12. Олар өз отбасын «орманым» деп қорғайтын, балаларын жақсы көретін, үйде жақсылық пен адалдық, тыныштық пен сүйіспеншілікті орнататын, шыншылдық пен әділетті, еңбекқорлық пен ұқыпты­лықты, тазалық пен тиім­ділікті өмірлік принциптеріне айнал­дыратын азаматтар. Олар өз отбасында ұрлық, өтірік, өсек, мақтан­шақ, жалқаулық сияқты қылықтардан жат иманды балаларды тәрбиелейді. Этникалық тәрбие жүйесіндегі ата-әже, әке-шеше, бала-шаға рөлдерінің босаңсымауын қатаң қадағалайды, себебі жоғарыда аталғандардың барлығы отбасынан басталатынын жақсы түсінеді.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қазақ халықы тек Тәуке хан тұсында ғана «алтын ғасырда» тіршілік еткен. Сол «алтын ғасыр» басқа кейіпте дәл қазір қайта келіп отыр. Бүгінде Қазақстан армандарды шындыққа, мүмкіндіктерді жүзеге асыруға қолайлы ортаға айналып отыр. Дұрыс бағыт, анық мақсат қойып, бал арасы секілді еңбек еткен адам ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Олай болса, рухани жаңғыру халық, әсіресе, зиялы қауым тарапынан қолдауға лайық.

«Мінсіз ұрпақты» тәрбиелеуші, өсіріп жетілдіруші мықты буын екенімізді дәлелдейтін кез келген сияқты. Сондай ұрпаққа білім мен тәрбиені ұштастыра беруге бүгіннен дайын болуымыз керек.

ИНФОРМАЦИОННО-ИМИДЖЕВАЯ СЛУЖБА

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support
Calendar