Official INTERNET-RESOURCE

Taraz State Pedagogical University

TARAZ STATE PEDAGOGICAL UNIVERSITY Invitation to the International Forum THE THIRD INTERNATIONAL FORUM ON CULTURAL EXCHANGE AND COOPERATION BETWEEN CHINA AND CENTRAL ASIA



«Мәңгілік ел» идеясының өзегі- «z» ұрпағының ұлттық тәрбиесі

There are no translations available.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қазақ халықы тек Тәуке хан тұсында ғана «алтын ғасырда» өмір сүрген екен, қазір сол «алтын ғасыр» басқа, жаңғырған кейіпте қайта оралып отыр. Бүгінде «Қазақстан» армандарды шындыққа, мүмкіндіктерді жүзеге асыруға қолайлы орта. Дұрыс бағыт, анық мақсат қойып, бал арасы секілді еңбек еткен адам ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Жастардыңқоғам адамы болып қалыптасып, өз саласында көшбасшы, жан-жағын дамыту үшін белсенді және өз ой пікірін ашық та, тыңғылықты түсіндіре алатын тұлға болып қалыптасқандары мемлекет болашағы үшін аса маңызды.

Қазақстан әлемнің бір бөлшегі ретінде және дүниежүзілік технологиялық ғасырда өмір сүріп жатқандықтан мультимәдениет, глобалды мәдениет трендінен алшақ кете алмайды. Ғалымдардың негіздеуінше 2017 жылдан бастап өте бір ерекше кезең басталады. Бұл кезеңде 1963-1983 жылдар аралығындағы «Х», 1983-2003 жылдар аралығындағы «Y», 2003 жылдан бері қарай «Z» кезеңінің ұрпақтары, яғни үш ұрпақтың адамдары бірге жұмыс істейді. Аталмыш ұрпақтардың өмір сүру уақытындағы кезеңдік ерекшеліктер мен өзгерістерге байланысты олардың ойлау жүйелері де әрқилы. Мұндай кезеңдік ерекшелік жұмыс берушілердің алдына жаңа міндеттер қойды. Осыған орай, карьера, бизнес, жұмыс мәселелері бойынша жұмыс берушілерге ыңғайлы кадрлық саясат құруға көмектесу мақсатында INSEAD Emerging Markets Institute, Universum, MIT Leadership Centreжәне HEAD Foundation атты 4 бірдейзерттеу институты 19 елден 18 000 мамандар мен студенттердің қатысуымен ауқымды жұмыс жасады. Жұмыстың нәтижесі бойынша үш ұрпақтың көшбасшылық қасиеттері, жауапкершліктері мен бизнестегі қабілеттері екшеленген.

«Х» ұрпақтары тек өздеріне ғана сенеді, альтернативті ойлайды, таңдау мен өзгеруге қабілетті, әлемде болып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар. Сонымен бірге, олар көбіне жалғыз, ерен еңбек пен жеке басының жетістігіне үйренген. Бір бағытта көптеген жылдар бойы жылжып отырады.

«Y»ұрпақтарының табысқа жету туралы түсініктері «Х» ұрпақтарына қарағанда өзгешелеу. Олардың басым көпшілігі бірнеше жылдар өткен соң жоғарылауым мүмкін деген оймен кәсіби өсу жолын ең төменгі сатыдан бастауды ұнатпайды. Олар карьераның бірден шыңына шыққанды ұнатады, олардың бұл қасиеті бір қарағанда кемшілік болып көрінгенімен, кейде кемшіліктен гөрі жетістікке ұласып кететін кездері болады.«Y»ұрпақтары заманауи бизнестің үміті десе де болады, себебі олардың білімге деген құлшыныстары мен техникалық сауаттылықтары өте жоғары деңгейде.

«Z» ұрпақтарына кәсіби тұрғыдан әзірге баға беруге ертерек, себебі олардың жас мөлшерлері өз қабілеттерін толықтай көрсетуге жете қойған жоқ. Дегенменмен бұл үмітті ұрпақтың сана сезімі де тәуелсіз мемлекетіміз сынды бұғаудан азат. Олар өздерінің мүмкіндіктерін толық сезіне алады және үнемі өзін өзі жетілдіріп отыру қажеттігін жақсы түсінеді.

Осы формулаға Қазақстандық ұрпақтар толқынын салып көрсек:

70-50 жас аралығы – басшылыққа, адамның көңіліне қатты қарайды, өзінен өзгені жоғары қояды. Үнемі біреуге ұнағысы келеді және біреудің мақтағанын қалайды. Адалдық пен мейрімділікке, бауырмалдылық пен қонақжайлыққа баса назар аударады. Еңбекқор. Бұл жастағылар Кеңес одағында туылған және тәрбиеленгендіктен жақсы орындаушылар, жаңашылдыққа жатырқап қарайды, бірқалыптылық пен тұрақтылықты құптайды. Таршылықты көп көргендіктен бе екен, азық түліктің артығымен болғанын қалайды.

50-35 жас аралығы – еңбекке ынталы, бірақ жалқаулық пен кері тартпалыққа жиі бой алдырады. Өзгеге деген сенімсіздік пен секемшілдік басымырақ, әдепкә ойынан тез айниды, бірақ көбіне сол ойына қайта келеді. Тәукелге бел буғыш және еліктегіш. Бұл буын Кеңес одағында дүниеге келіп тіуелсіз елде ер жеткен жандар. Бұл буынның жүгі ауыр, себебі олар кеңес одағында тек бүгінгі күнмен өмір сүрген ата анасына жәрдем береді, өзі аяққа тұруға тырысады және балаларына мұрагерлікке бір нәрсе қалдыруды мақсат етеді.

35-18 жас аралығы – ойлары еркін, пікірлері ашық. Сыйластық пен құрметті шектей біледі. Үлкен мақсаттар қоюдан қорықпайды. Тез шаршайды, тез жалығады, есесіне жаңалықты тез қабылдайды. Байлықты тым жақсы көреді, ертегіге сенбейді. Тез табылатын табыс пен біреудің қателігін тауып, соны бетіне басқанды жақсы көреді. Тазалық пен әсемдікті жақсы көреді.

Әлемдік кеңістікте таралып, заманауи ой талқыға салынып жүрген ұрпақтар байланысы академик Ғарифолла Есімнің философиялық еңбектерінде «ұрпақтар сабақтасығы» ұғымы арқылы былай тұжырымдалған. Ғалымның ойы түсінікті болу үшін, толық келтіріп кетейік.

1. ХІХ ғасырда отаршылық заманында дүниеге келген ұрпақтар: Дулат ақын, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай, Шәкәрім т.б. бұларды бағалау үшін, арнайы жүйе қажет. Олар Ресей отаршылдығының күшіне енген кезінде ғұмыр кешкен тұлғалар. Ол жөнінде тарихи-әдеби туралы көркем шығарма Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы.

2. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында дүниеге келген ұрпақтар: бұл кеңестік отаршыл заманы. Осы кезде өмір сүрген жақсы қазақтар дені «Халық жауы» атанып, азапталды, атылды.

Бұл екі ұрпақ та тарихи тұлғалар, дүниеден өткен адамдар. Бізге қалғаны, жеткені, олардың өмірбаяны және мұралары.

3. Қазіргі замандағы алпыс жастан асқан көзі тірілер, сексен бес, тоқсан жасқа келгендер. Бұлар коммунистік заманның ұрпақтары, өздері де коммунистер. Бұлардың дүниетанымы негізінен, коммунизм ілімімен уланған, бұлар негізінен, коммунистер, соцалистер.

4. Қазіргі қырық бестен алпыс жастағылар, негізінен, комсомолдар. Кезінде өздерін комсомолмыз деп мойындағандар. Бұлардың санасы негізінен, социалистік бағытта.

5. 35-45 жас аралығындағылар пионер қатарында болғандар. Бұлардың саяси көзқарасы әртекті, негізінен советтік құндылықтар жүйесіне жақын болуына таң қалуға болмайды. Бұл пионер ұрпақтар.

6. 25-35 жас аралығындағылар. Бұлар тәуелсіздік жылымен шамалас дүниеге келгендер. Сондықтан мен бұларды «күміс» ұрпақтар деймін.

7. 18-25 жас аралығындағыларды «алтын» ұрпақ деймін.

8. 18 жасқа дейінгілерді «бриллиант» ұрпақтар деймін.

Біздің болашағымыз, қазақ елінің бағы, көркі, келешегі, осы «күміс» ұрпаққа, «алтын» ұрпаққа және «бриллиант» ұрпақтарға тікелей қатысты. Бұл ұрпақтар арасында жақсы қазақтар үлесі мол болмақ деп тілейміз.

Аталмыш футурологиялық пікірлерге көбіне тарихи оқиғалар жиі ықпал етіп отырады. Қай кезеңде, қай елде болмасын жастарға деген ересектердің көңілі ешқашан толық болған емес. Халықтың артқа қалдырған аталы сөздерінің барлығы жастарға берген ақыл кеңес, бағыт бағдармен қатар, көңіл толмаушылықтың орнын толтыруға арналғандай. Халқымыз бала тәрбиесіне, оның ішінде қыз бен ұлды табиғи ерекшеліктеріне байланысты екі бөлек тәрбиелеуге аса мән берген. Алғашқы білім алу процесі кезіндеде ұлдар мен қыздарды бөлек оқытқан. Кейбір мұсылман елдері бұл оқыту жүйесін әлі күнге дейін ұстанады және оның тиімділігін көріп келеді. Өскелең шақта ұлдар мен қыздар бойындағы гормоналды өзгерістер олардың алаңсыз білім алуына өз кедергісін тигізеді.

Халық тәжірибесіндегі тыйымдар мықты тәрбие құралдарынынң бірі. Көптеген адамды тәрбиелеуге бағытталған кітаптарда не істеу керек екендігі айтылады, бірақ оны қалай істеу керек және нені істемеу керек екендігі айтыла бермейді. Әрбір істеуге болмайтын болмашы шарт, болашақтағы үлкен мәселенің алдын алуға қауһарлы. Қоғамымызда бүгінгі күні орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларға кінәлі деп табылған адамдарды жазалаумен іс бітпейді. Мәселе тамыры тереңде, яғни ұлттық тәрбиенің босаңсуы, халық даналықтары мен өсиеттерінің орындалмауы және жат тәрбиені этножадыға сәйкес немесе сәйкес еместігіне қарамастан бойға сіңіруіміз.

Халық тәжірибесіндегі «ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз», «ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қонғызба», «атадан тағылым көрмеген ұл жаман, анадан өнеге көрмеген қыз жаман», «қызға қырық үйден тыйым, қала берді есік алдындағы құлдан тыйым, ұлға отызүйден тыйым, он сан үйден сын»деген даналық сөздер біраз қауіптің алдын алатын алғышарт іспетті. Концепцияда қыздарға қырық, ұлдарға отыз ықшамдалған және екшеленген тетіктер берілген. Тетіктерді түсіндіру, талқылау және санаға сіңдіру арқылы жастар бойында ұлттық тәрбие жүйесі қалыптасады.

Алайда қазіргі таңда ақпарат пен білім туралы ұғым-түсінік мейілінше өзгерген. Кітаптағы ақпаратты сүзіп алып жаттау, артынша емтихан тапсыру – мәнін жоғалтқан ескілікті әдет. Корпоративтік әлемде білім деген категория жаңара түрленген, қолға ұстатпайтын, үнемі өзгеріп тұратын дүниеге айналған. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі карьерасына кәдесі тиетін ақпаратты бүгін жинап, миына тоғытамын деп әуреленбейді. Олардың түсінігінде миды құрғақ фактілермен толтыру – тығырыққа жетелейтін татымсыз әдіс. Ең тиімдісі – құнды ақпарға қажеттілік туғанда орайымен тауып, сәтімен іске асыру.Ал, қажетті дүниені көбіне нетворкыңыздағы адамдардан табасыз. Басқаның басындағы қажетті ақпармен сусындау қабілеті – нетворк интеллектісі (network intelligience) деп аталады. Қандай да бір мағлұматқа дер кезінде қол жеткізу үшін өз нетворкыңызды жыға тануыңыз керек. Қандай адамдар бар, нендей дүниеге қанық, біліп жүруді әдетке айналдыру қажет деп санайды.

Нетворкинг (ағылшын тілінен тікелей сөзбе-сөз аудармасы «networking – ғаламтордың шым-шытырығы немесе ғаламторда тоқу: яғни net – байланыс, work – жұмыс») деген мағынаға саяды. Бұл дегеніміз өмірлік маңызды деп саналатын күрделі мәселелердің тиімді, әрі тез арада шешілу жолдарын айналаңдағы достарыңмен және жақын таныстарыңның көмегі арқылы табуға бағыттайтын әлеуметтік және кәсіби әрекет болып табылады. Тіпті қазіргі қоғам адамының үйде отырып ақша табу, ғаламтор арқылы жеке бизнесін бастау, арақашықтықта білім алу, онлайн сабқтар арқылы өзін-өзі дамыту, кәсіби қызметін, мүмкіндіктерін арттыруда жаңа адамдармен танысу, т.б көптеген жұмыстардың барлығы уақытты тиімді пайдалану мақсатында осы айтылып отырған нетворкинг шеңберінде жүзеге асырылып отырғаны айқын. Әрине, аталмыш тәсілді өз пайдасы үшін асыра сілтеушілікке салып, зиянды жағынан жүзеге асырып жатқан адамдар да жоқ емес.

Бүгінгі психология ғылымындағы жаңа үлгі адам психикасындағы эмоционалдылық пен интеллектуалдылықтың өзара ықпалды байланысына баса назар салуда  (В.В.Бойко, О.К.Тихомиров, В.К.Вилюнас, Д.В. Люсин, К.Изард,  Д.Гоуаман, П.Салоуей, Дж.Майерс және т.б.). Соның негізінде әлемдік ғылым кеңістігінде, «эмоционалды интеллект» жаңа ұғымы пайда болды [1.60 б.].Американдық психологтар Питер Сэловей мен Джон Мэйер 1990 жылдары алғашқы болып эмоциялық интеллектінің бірінші үлгісін ұсына отырып, ғылымға «эмоциялық интеллект» терминін енгізді. Аталған авторлар эмоциялық интеллект деп «өзінің жəне өзгенің сезімдері мен эмоцияларын байқай білу, оларды ажырату жəне осы ақпаратты ойлау мен іс-əрекетте қолдану» деп түсіндірді [1, 62 б.].

Бір ғана АҚШ-тың өзінде бес миллион данасы сатылымға шығып үлгерген Дэниел Гоуаманның «Эмоционалды интеллект» кітабында «...Тасы өрге домалап, көптеген жетістікке қол жеткізген көшбасшыларды біріктіріп тұрған маңызды ерекшелік ол – эмоционалды интеллектінің жоғары деңгейлік көрсеткішінде» екендігін айырықша аталып өтеді. Яғни, адам қаншалықты білімді игергенімен эмоционалдық инттелектісін дамытпаса, жетекшілік ете алмайды деп көрсетеді.

Эмоционалды интеллект идеясы Эдуард Торндайк, Джой Гилфорд, Ганс Айзенк сынды авторлардың зерттеуге алған «әлеуметтік интеллект» ұғымынан шыққан. Дж.Гилфорд зерттеуінде, әлеуметтік интеллект – өлшемді конструкция негізінде психологиялық тәжірибе арсеналына енеді деп тұжырымдалса, Г.Оллпорт бойынша: «әлеуметтік интеллект» - адамдар қарым-қатынасының тиімділігін қамтамасыз ететін әлеуметтік ерекшелік [2. 85 б.]. Міне, осы айтылып отырған интеллект ұғымының сан-салалық мәні мақалаға негіз болып заманауи «Z» ұрпақтарының сана болмысында орнығып, қалыптасып үлгерді. Түйіп айтқанда, бүгінгі ұрпақ өз интеллектісін барынша нығайтуға, өз потенциалын толығымен пайдалануға, машықтарын шыңдап, саналы рсиктерге баруға, бұзып-жарар мүмкіндіктер іздеп, толағай карьера жасауға дайын тұрады. Олар өздерін стартап – бұл менің өзім деп есептейді.

Қазіргі ұрпақ, өз қызығушылығына аса мән береді. Өйткені ол оның қоғамдағы орнын анықтап береді. Ал, қоғамнан өз орнын тапқан адам – білікті маман, сыйлы азамат болары сөзсіз. Ондағы біздің міндетіміз: жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндіктер жасау. Отансүйгіштікке тәрбиелеп, намысты етіп өсіру. Дұрыс орта таңдауға көмектесу. Алдымен өзінің кім екенін, икемін, қарым-қабілетін, бағытын айқындап алуға дағдыландыру, ой мен жүрек тазалығына тәрбиелеу.

Ақылдың өлшемі тек қана білім емес, тектілік яғни, өзгені түсіне білу қабілеті, оның көрінісі мыңдаған көзге көрінбейтін ұсақ-ұсақ әрекеттерден, күнделікті атқарып жүрген іс-әрекеттерімізден байқалады. Мәселен, байыптылықпен сұрай білу, дастарханның басында өзіңді қарапайым ұстай білу, қайтарымын күтпей басқаға көмек қолын созу, тіпті табиғатты күту, сыйлай білу, айналаңды қоқысқа толтырмау (қоқыс – айналаңдағы адамдарды жаман сөздермен балағаттамау, жаман сөздермен, жаман идеялармен қоқыстамау т.б.). Тіпті, аузыңнан шыққан әрбір сөзің мен жасаған ісіңе мұқият, таза болу.

Білімділік – қоршаған ортаға, әлемге деген төзімділік қатынасын орнтау, оны түсіне білу қабілеттілігі. Білімді меңгеру бұл да қабілеттілік. Білімділік – ескі мазмұнмен өмір сүріп келе жатыр, интеллигенттілік – жаңаны жасау, ескіні жаңа ретінде мойындау. Көп адамдардың ойынша «біртіндеп игерілген білім өмірлік азық», алайда бұл адасушылық. Оқу, және таңдау бойынша оқу. Оқу – маңызды, бірақ интеллигенттілікке тәрбиелеудің бір ғана көзі емес, ең маңыздысы оның «өзегінде».

Әрбір адам өзінің жеке интеллектуалдық қасиетін дамытуға жауапты, міндетті. Бұл адамның өз қоғамының, тіпті өзінің алдындағы міндеті.

Нұрадин Г.Б.

филос.ғ.к., қауым.проф

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support
Calendar