РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ

Университеті

ӨЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАҢА МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЛ! 14 ЖАСТАН 29 ЖАСҚАДЕЙІНГІЖАСТАРҮШІН. ТОЛЫҒЫРАҚ ZHASPROJECT.KZ САЙТЫНДА



Ресей империясының Қазақстанды отарлауы және жергілікті халық

ХІХ ғасырдың І жартысында Ресей экономикасының жаңа капиталистік жолға түсуі, өнеркәсібі мен саудасының өрлеуі жаңа өнім өткізетін рынокқа және шикізат көзі болып табылатын аймақтарға қажеттілікті туғызды. Бұл мәселені патша өкіметі Қазақстан мен Шығыс елдерін отарлау арқылы шешпек болды. «Ресей үшін қазақ елін өз отарына айналдырудағы басты мақсат елдің табиғи байлықтарын, арзан жұмыс күшін, арзан шикізатты қажетіне пайдалану, неғұрлым мол пайда табу болды» 1.

Патша  өкіметі Шығыстан шикізат көзін іздестірумен қатар, Азияда орыс саудасын жандандыруға тырысты. 1817 жылы қабылданған «кедендік ережеде» Азиядағы  сауда-саттыққа үлкен мән беріліп, - «Азиямен сауда жүргізу Ресей үшін ұлы мақсат»- деп атап өтіледі 2. Осыған байланысты қазақ даласы керуен жолдарының торабында орналасқандықтан Шығыс Түркістан мен Орта Азияның саудасына бақылау жасауына толық мүмкіндік беретін еді 3.

Сонымен қатар қазақ даласы Ресей империясының  сыртқы саясатында Орта Азия, Ауғанстан, Шығыс Түркістан және Үндістан сияқты елдерге әскери жорықтар жасайтын ең қолайлы позиция ретінде аса маңызды стратегиялық аймаққа айналды. «Бұл жерден Қоқан мен Батыс Қытай ғана емес, ағылшындардың Үндістаны да қашық емес»- делінген орыс деректерінде 4.

Тағы бір дерекке назар аударсақ, онда «Бұл аймақ өте бай, бірақ әлі игерілмеген, болашақта Ресей үшін көптеген табыстар әкелері сөзсіз…, екіншіден, бұл аймақ Үндістанға есік ашып береді» – деп жазылған 5.

Ресей империясының Шығысты отарға айналдыру, оның ішінде Үндістанға қожалық жасау мақсаты І Петр патшадан бастау алады. Қазақстанды Азияға басып кіретін «алтын қақпа» деп атаған ол, басқыншылық жоспарын мұрагерлеріне өсиет етіп қалдырады. «Император, - деді Макшеев өз еңбегінде, - мұрагерлеріне Шығысты түпкілікті жаулау туралы жоспар құрып кетеді. Олар осы жоспар бойынша Шығысқа қарай үш бағытпен қимылдады: Шығыстағы Түркістаннан Үндістанға, оңтүстіктегі Кавказдан Персияға және Азиялық Түркияға» 6. Ресей империясын кеңейтуді және отар елдерден өз үлесін алуды мақсат тұтқан патша өкіметі шығыс елдерін бөлісуде Европадағы ірі капиталистік елдермен өзара бәсекелестік күреске түседі.

Орыс патшасы І Павелдің тұсында отарлық саясаттың негізгі тетіктері кең көлемде күш алады. Ол министр М.В. Ростопчинге Ресейдің сыртқы саясатының бағыт-бағдарын анықтайтын бағдарлама  жасауға тапсырма береді. М.В.Ростопчиннің жасаған жоспары І Петрдің «өсиетіне» сәйкестендіріліп, 1800 жылы қыркүйек айында дайындалады. Оны І Павел сол жылдың 2 қазанында бекітеді. Ростопчиннің бағдарламасында империяның аумағын ұлғайту ашық түрде айқындалып, Англия, Франция, Австрия және Пруссия сияқты мемлекеттердің күш-қуатын  әлсірету бағыттары көрсетіліп, Үндістанды бағындыру үшін қазақ даласы арқылы әскери экспедиция жөнелту және Осман империясын бөлшектеу қарастырылады 7.

Осы жоспар бойынша қимылдаған патша өкіметі отар елдерді бөлісуде Англияның бірден-бір бәсекелесіне айналады. Азия департаментінің Орта Азиялық бөлім бастығы Ұлы князьға жасаған мәлімдемесінде мына жағдайды баяндайды. Онда былай делінген – «Солтүстік Батыс және оңтүстіктегі Европа елдерінің жасаған тосқауылдары орыс халқына басқа жолдарды іздеуге мәжбүрледі. Сондықтан олардың еншісіне Азия ғана тиді. Орыстар бұл жерге барлық бағыттар бойынша бас салып ұмтылды. Оған апаратын жол бұрыннан үш бағыттан тұратын: Кавказ арқылы Оңтүстікке, Солтүстік-Шығыстағы қазақ даласы арқылы Үндістанға және Шығыста Сібірден Ұлы мұхитқа және Қытайға» 8.

Үндістанның Англияның отарына айналуы, Қытай жағалауында ағылшын кемелерінің тұруы, Ресей империясының аталған жолдармен қимылдауы Англияның мүддесіне нұқсан келтіріп, орыс-ағылшын қатынасын мүлдем шиеленістіріп жібереді. Ресейдің шығысқа қарай жылжуының түпкі себептерін ашып көрсете келе Түркістан мен Батыс Қытайға ие болса, Азиядағы жағдайдың қалай өзгеретінін К. Маркс пен Ф. Энгельс былай деп түсіндіреді: «Егер орыстар бұл аймақтарға енді соңғы 25 жылдағыдай дәл осы қарқынмен, осы жылдамдықпен және осы ретімен жүре беретін болса, онда 10 немесе 15 жылдан кейін орыстар Үндістанның қақпасын ұрып тұратын болады. Оларға қазақ даласынан өтсе-ақ болды, оңтүстік-шығыс Түркістанның біршама өңделген және құнарлы жеріне тап болады, олардың жаулаушылығына бірдеңе деп айту мүмкін болмай қалады. Бірнеше жылдар ішінде бұл жерде  әскер 50 немесе 60 мыңға жетіп, ол әскер Үндіге қарай кез-келген бағытта жорық жасауға жеткілікті болады» 9.

Орыстардың отар иелену жолындағы  саясаты кең көлемде болғанын К.Маркс пен Ф. Энгельспен қатар, мына дерек көзі де растайды. Онда былай делінген: - «Біздің оңтүстік-шығыстағы қозғалысымыздың басты мақсаты Үндістанға ұмтылысымыз болып табылады және біздің Орта Азиядағы барлық қимылымыз бен міндетіміздің түпкі мақсаты-Үндістан» 10.

Патша өкіметі Үндістанға иелік жасап, онда ағылшындардың мүддесіне соққы берумен қатар, шығыстағы мұхитқа шығып, Азияның бүкіл шикізатын  су жолымен тасымалдауды көздеді. «Біздің үкіметіміздің,-деп жазады Н.Павлов - Батыс және Қиыр Шығыстағы теңіз күштерінің құрылысын аяқтамай жатып, Түркістан мақтасы үшін Үнді мұхитында флот құруға деген ұмтылысы шектен асқан қадам болды» 11 .

Орыстардың Үндістанға соншама көз тігуінің себебі, біріншіден, Азиядағы теңіз жолына шығуына, екіншіден, Европадағы бәсекелесі Англияны шығыста тізе бүктіруге, үшіншіден, бүкіл Азияға өз бақылауын орнатуға мүмкіндік беретіндігі еді. Осыған байланысты патшаның алдына Бламберг, Торнау, Хрулев және тағы басқа әскери шенеуніктер Үндістанды жаулау туралы бірнеше жобаларын ұсынады. Бұл туралы М.К.Рожкова былай деп келтіреді: -«Жаркенттен Леха мен Үндістанға баратын жеңіл жол бар, бұл жолмен түйе өте алатындықтан, әскер де өте алады, сондықтан орыстардан қауіптенген ағылшындар Қарақорым өткелін күзетуде және Қытайлық Түркістанмен байланыс орнатуда» 12.

Бірақ ағылшындар қанша жерден сақтық шараларын жасағанымен, Үндістанда орыстарға төтеп бере алатындай күш жоқ болатын. Оған ағылшындардың әскери және саяси жағдайы туралы Кавказ таулы Басқармасының бастығы генерал-майор Франкини және генерал-майор Гейнстің әскери министрге жазған құпия баяндама-хаты дәлел бола алады. Онда былай делінген:-«Үндістандағы ағылшындардың жағдайы өте тұрақсыз және сенімсіз болғандықтан орыс әскерінің берген кез-келген соққысы Шығыстағы Англияның құдіреттілігін жоя алады» 13. Ресей империясының Үндістанға басқыншылық жорық жасамақ болғанын жоғарыда келтірілген деректерден басқа, сол уақытта жарық көрген Англияның ресми баспасөз құралдары атап өтсе, бұл жағдайды Вамбери, Мак-Георг, Керзон және тағы басқалардың  деректерімен   қатар кеңес тарихшылары да растайды 14.

Шығысқа бет алған патша өкіметі Түркия, Иран, Орта Азия және Қытаймен байланыс жасап, оларға қарсы белсенді әрекет жасау үшін 1819 жылы Сыртқы істер министрлігінің жанынан арнайы Азиялық департамент құрады. Сол жылы департаменттің құрамында Азиялық комитет өз жұмысын бастап, тікелей Орта Азия, Қазақстан және Қытайға байланысты мәселелерді қарастырумен айналысады 15.

ХІХ ғасырдың 20-жылдары патша өкіметі бұл мекемелердің алдына Ресей империясының билігін мойындамаған қазақ халқын дипломатиялық әдістермен және қарудың күшімен жаулап алуды міндет етіп қояды. Қазақ жүздерінің саяси бытыраңқылығы, ішкі руаралық жанжалдар, күрделі сыртқы әсерлердің салдарынан оларды басып алуда Ресейге жеңілірек тигенімен, бірақ орыстар баяу және өте сақ қимылдайды. Патша өкіметінің еркін қимылдауына мүмкіндік бермеген, біріншіден, ХVІІІ ғасырдың аяғында жоңғар хандығын жойып, өз мекендеріне қазақтардың қайта қоныстануына рұқсат беріп, оларды бағыныштылықта ұстағысы келген Қытайдың жергілікті өкімет орындары болса, екінші жағынан, 1814 жылы қазақтарға қарайтын Ташкентті басып алу арқылы, оларды өз ықпалына түсірмек болған Қоқан хандығы тұрды.

Аталған екі мемлекеттің қазақ даласына салған назарлары Ресей империясының стратегиялық маңызы бар өлкеге басып кіруіне кедергі жасады. Осыған байланысты патша өкіметі Қазақстанды бағындыруда әр-түрлі іс-шаралар мен айла-амалдарды қолданады. Олар бірінші кезекте Қазақстанның саяси тәуелсіздігінің қалдықтарын құртудан бастайды. Яки, зерттеуші М. Қойгелдиевтің сөзімен айтқанда: «Ресей империясы Қазақстанды өзіне біржола қарату ісіне кіріскен сәтте, оның отарлау саясатының негізгі мақсаты, сондай-ақ ол мақсатты іске асыру құралдары қалыптасып қалғанын аңғаруға болады. Негізгі мақсаты - бар байлығымен қазақ жерлерін иемдену болса, ал бұл мұратты іске асырудың басты құралы етіп, онсыз да толық қалыптасып және қатайып үлгермеген қазақ қоғамындағы мемлекеттік құрылымды біржола жойып, сол арқылы ұлттық тұтастық пен саяси бірліктің нығаюына мүмкіндік бермеуді таңдап алған еді» 16. Қазақ қоғамын ыдыратуды мақсат тұтқан орыс әкімшілігі талай рет сыннан өткен «бөліп ал да, билей бер» деген «құйтырқы» саясатты іске асырып, қазақ руларын бір-біріне айдап салады 17.

Патшаның жарлығын саяси құрал ретінде пайдаланған орыс шенеуніктері қазақтарды бағындыруда аянып қалмады. Алдымен Орта жүз қазақтарын жаулап алып, отарлаған патша өкіметі, оларды Ұлы жүз қазақтарына айдап салып, өз мүддесіне пайдаланады. Мәселен, екі жүздің арасында ертеден келе жатқан жер дауын ушықтырып, орталарына от тастап, бір бірімен жаудай соғыстырады. Нәтижесінде қазақтар өзара қырылып, малдарын барымталап, бітіспес жауға айналады. Осыны шебер пайдаланған орыстар қарамағындағы қазақтарды қорғаймыз деген сылтаумен, Орта жүздің ханы Бөкейге «әскери көмек» беріп, қарамағындағы рулардан «ерекше» қарулы атты әскер жасақтап, Ұлы жүздің ауылдарын шабуға аттандырады 18.

Орта жүздің руларымен болған тең емес талас-тартыста Ұлы жүздің рулары ауыр соққының астында қалып, тоз-тозы шығады. Бұл жағдайды өз пайдасына шешуге тырысқан патша өкіметі сәті келді деген оймен татар саудагерлерін арнайы нұсқаумен Ұлы жүздің ауылдарына жібереді. Патша өкіметіне көп уақыттан бері қызмет жасайтын татар саудагерлері мен молдалары қазақ даласында орыс билігін насихаттайтын құралға айналып, «Орыс, патша, Ресей» деген түсінікті қазақтардың санасына сіңіріп, орыстарға бағындыру үшін көптеген қызметтер атқарады 19. Татар өкілдерінің орыс саясатының құралына айналуы ІІ Екатеринаның патшалығынан бастау алады.  Ол 1784 жылы 27 қарашада Сібір және Уфа генерал-губернаторларына жарлық шығарады. Онда «Қазақтардың әр түрлі руларына молдаларды тағайындау біздің бұрынғы жарлықтарымызды іске асыруға көмектеседі. Оларды бізге шын берілген қазан татарларынан іріктеңіздер. Қызметке жіберер кезде жақсылап нұсқау беріңіздер. Берілген нұсқауларда татарлар қазақтарды орыстарға берілген рухта тәрбиелеуді, шекараларда жиі-жиі болатын тәртіпсіздіктердің алдын алуды естен шығармауы керек. Бұл татарлардың жол шығынын төлейтін болыңыздар, ерекше көзге түскендеріне сый-құрмет көрсетіңіздер»- деп татарлардың міндеттерін белгілейді 20. Татар өкілдері  қазақ даласында үгіт-насихат жүргізумен қатар тыңшылық кәсіппен айналысып, қазақтар мен Қоқан хандығында және Қытай  патшалығында болып жатқан саяси жағдайларды және әскери күш-қуаты туралы мәліметтерді орыстарға уақытында жеткізіп, қызметтері үшін көптеген жеңілдіктер мен ақшалай сыйлықтар алып отырған.

Қазақтардың сеніміне кіріп, «екіжүзді» саясат ұстап, орыстардың «шашбауын» көтерген татар өкілдеріне наразылық білдірген қазақтың белгілі демократ-ағартушысы Ш.Ш.Уәлиханов орыс әкімшілігіне былай  деп жазған: «қазақ даласын татарлардан тұратын Орынбор муфтилігінен бөліп, молдалыққа тек жергілікті қазақтар мен қожалардан тағайындап, Орта Азиядан шыққан ишандар мен қожаларды және татар семинаристерін қазақтардың қонысында мекендеуіне тиым салу қажет» 21.

Қазақ ауылдарының арасында бір жыл бойы сауда-саттық жасаған татарлар Ұлы жүз сұлтандары мен оның билеріне Ресей билігін насихаттап, елге тыныштық тек қана Ресейдің қол астына өткен жағдайда ғана орнайтынын, Орта жүз қазақтары тартып әкеткен ұлдары мен қыздарын, малдары мен дүние-мүлкін орыстар ғана алып беріп, Орта жүз қазақтарынан қорғайтын әскер жібере алады деп үгіттеп, орыстар беріп жіберген заттай сыйлықтарын Ұлы жүздің билеушілеріне үлестіреді. Орыс әкімшілігінің дем беруімен болған Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының арасындағы тұтанған руаралық жанжал, Ұлы жүз қазақтарының билеушілеріне татар саудагерлерінің ұсынысын қабыл алуына, сөйтіп орыс патшасына «Ұлы жүз қазақтарының Ресейдің қол астына алуы» туралы және оларды өз қандастарынаң қорғауы жөнінде өтініш жазып, орыс билігін мәжбүрлікпен қабылдатты 22. Яғни тарихымызда қалыптасқан қазақтардың орыс билігіне «өз еркімен» кірді деген пікірден арылып, оған басқаша көзқараспен қарайтын уақыт жеткен тәрізді. Өйткені, қазақтар патшалық Ресейдің билігін ешқашан «өз еркімен» мойындаған емес. Тек орыс әкімшілігінің араласуымен болған руаралық жанжалдар қазақтарды әлсіретіп, орыстардың билігіне жүгіндірді. Бұл жөнінде А.И.Макшеев былай дейді: «Орынбор комиссиясы Кириловке мынадай бұйрық береді. Берілген грамоталарды Орта және Кіші жүздің хандарына, Ұлы жүздің ру билеушілеріне және Қарақалпақтардың ханына тапсырсын. Ресейдің қол астына өту туралы «өз еркімен» ант берсін. Егер де қазақтар қарсы шығатын болса, онда орыс әскерін шығындатпай, бір-біріне айдап салсын» 23. Орыстардың қол астына кіргісі келмеген қазақтарды патша өкіметі аяусыз жазалап, билігін күшпен ғана мойындатқан. Мысалы, М.В.Лавровтың еңбегінде былай деп көрсетіледі: «Ресей бодандығына өткен көшпелі халық, орыс билігін мойындамай, көп уақытқа дейін бүлік шығарумен болды. Тек орыс өкіметінің бірнеше рет қарулы күш көрсетуінің нәтижесінде олар қол астымызға мәжбүрлікпен өтті» 24.

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support