РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ

Университеті

«ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ // ТАРМПУ-ДЫҢ «СПОРТ СҮЙЕР ОҚЫТУШЫЛАР» АТТЫ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ 14-ШІ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ



1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің жергілікті өңірде өріс алуы және оның тарихи маңызы

2016 жылдың 16 желтоқсанында - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Бұл мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке болмақ. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. Мемлекет басшысының елді дамытудағы стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді.

Осы орайда, 2015 жылғы 30 қарашадағы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басқалы тұрғанымызды айта келіп: «Бұл - тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді»,- деп алдағы кезеңде кездесетін сын-қатерлерден мүдірмей өтуге шақырды.

Біздің ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін жан-жақты дәлелдеді. Абайдың 150 жылдығын «ЮНЕСКО» шеңберінде тойлады. «Біріккен Ұлттар Ұйымы» шеңберінде 2002 жылы Алматыда, яғни тұңғыш рет Азия құрлығында 24 мемлекет басшысын біріктіріп, кеңес өткізді. «Шанхай ынтымақтастық ұйымын» құрудың негізгі ұйытқысы, алғашқы ұсыныс жасаумен танылды. Одан әрі, 2003 жылы Астанада тұнғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен тарихта аты жазылды. Алдымызда, 100-ге жуық елдің басын қосатын халықаралық көрме «ЭКСПО-2017». Осының бәрін бағалауымыз керек.

Тәуелсіздікке жету – қазақ халқы үшін даңғыл жол болған жоқ, ол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Тарихи күрделі кезеңнің басты оқиғаларының бірі  –  1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс болатын. Биыл бұл тарихи оқиғаға 100  жыл толып отыр.

Сан ғасырлық тарихы бар еліміздің өткеніне шегініс жасасақ, осынау, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-байтақ Ұлы даланы мекен еткен халқымыз азаттық жолында қандай қиян асулардан өтпеді десеңізші?! Елінің тыныштығы жолында қолына бөрілі байрақ ұстаған бабаларымыз жан-жағынан анталаған жау алқымнан алған сол бір қасіретті заманда, «ұлымыз – құл, қызымыз – күң» болып өзгенің босағасын сығалап, атамекен жеріміз ұрпаққа бұйырмай жаттың қолында кетіп жатқан кезеңде тарих сахнасынан біржола жұтылып кетпес үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біліп, ұлан-байтақ жерімізді бізге аманат етіп қалдырып кетті.

Тарихшыларымыздың зерттеуі бойынша, елімізде азаттық пен теңдік жолында Ресей империясына қарсы 300-ге тарта ірілі-уақты көтеріліс болыпты.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс отаршылдық езгіге қарсы бағытталды. Сол себептен де, бүкіл Қазақстан аумағын қамтып, ұлттық мемлекетті сақтау үшін талпынған ең ірі көтеріліс ретінде төл тарихымызда сақталды. Ұлт-азаттық көтерілісінің барысын зерттеуде бірнеше буын ауысып, тарихнамалық және деректанушылық дәстүрлері қалыптасты. Алайда, ғылым дамуының міндеттері 1916 жылғы көтерілістің әлі де мұрағат қорларында айналымға енбеген деректерін көпшілік назарына ұсыну жолында зерттеуді жалғастыру қажеттілігін қойып отыр.

1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа патшалық Ресейдің белсендi түрде қатысуы сол кездегі империяның боданы болған халықтардың өмірін одан сайын ауырлатып жібереді. Соның ішінде қазақтардан майданға көп мөлшерде шикізат, азық-түлік, мал, сондай-ақ басқа да материалдық заттардың алынуы, шаңырақтарға жаңа әскери салықтардың енгізілуі әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюіне алып келсе, ал қымбатшылық пен аш-жалаңаштылықтың өрiс алуы, қазақтардың қайыршылануына әкеп соқты. Осының бәрi айналып келгенде Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік дағдарысты одан сайын күшейтіп, елдегi жалпы ұлттық дағдарысты шиеленiстiруге алып келеді. Соның нәтижесінде мұның аяғы бүкіл қазақ даласының аудандарын қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа әкеп соғады. Бұл көтерілістің басталуына түрткі болған Ресей патшасы ІІ Николайдың 1916 жылғы 25 маусымдағы Орталық Азия, Қазақстан және Сібірдегі халықтардың 19 пен 43 жас аралығындағы «бұратана» ер азаматтарын майданның қара жұмысына (окоптар мен траншеялар қазуға, майданға жақын аудандарда жол салуға, ағаш кесуге, т.с.с.) шақыру туралы жарлығы болды. Патшаның осы жарлығы бойынша майданның қара жұмысына жалпы Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам шақырылу көзделсе, соның 129 645 мың адамы Түркiстан өлкесiне  кірген қазақтардың Сырдария мен Жетісу облыстарынан алу жоспарланды. Ал Сырдария облысының ауданы болып табылатын Әулиеата уезiнен болса тыл жұмыстарына жергілікті әкімшіліктің есебi бойынша 22100 адам алынуға тиiс едi. Алайда тамыз айының соңына дейiн олардан жиналу пункттерiне үш мыңға жуығы ғана келедi де, ал қалғандары майдан шебiндегi қара жұмыстарға барудан үзiлдi-кесiлдi бас тартып, қарулы көтерiлiске шығады. Әсіресе Меркі өңіріндегі көтеріліс Әулиеата уезiнде ғана емес, ол Сырдария облысындағы көтерiлiстiң ең басты ошағына айналады. Т.Рысқұловтың «Восстание туземцев Туркестана в 1916 году» атты мақаласында «Басқаларға қарағанда күштірек болған көтеріліс - Әулиеата уезінің, әсіресе Меркі ауылының қазақтарының көтерілісі болды. Әулиеата уезінен қара жұмысқа 22 мың 675 адам алынбақ екен. Соған тамыздың аяғына дейін бар болғаны 3 мың адам жиналды. Қалғанын қазақ елі беруге риза болмады»,- деп қайраткер өзі басы-қасында болған Меркі көтерілісінің барысына тоқталып, оның географиялық ауқымы жағынан да, зардабы мен салдары жағынан да анағұрлым кең, әрі қатал сипат алғандығы туралы өткен ғасырдың 20-шы жылдарының өзінде-ақ алғаш рет ашық жазады және соған басты назарын аударады. Өз кезегінде бұл өңірдің облыстағы көтерілісшілердің орталығына айналу себебін М.Тынышпаевтың Сырдария облысының губернаторына жазған мәлімдемесінен де біле аламыз. Онда ол Меркі қазақтарының қарулы көтерілісі 29 тамызда басталғанын, ал 16 қыркүйекте көтерілісшілер пристав Рубаневтің әскерімен қақтығысқандығы және Кузьминка селосында 20 қоныс өртеліп, Меркі маңында 9 хутор қиратылып, содан соң приставқа шабуыл жасалынды делінген.

Жалпы алғанда көтерiлiс Әулиеата уезiнiң Меркi бөлiмiнiң Көшеней (Кученей) болысында басталып, жергілікті патша әкімшілігіне қарсылық танытса, оның артынша Таулы бөлiмшеге (Горный участок) қарайтын Көпес болысының 50 шақты тұрғындары 1916 жылғы 31-i шiлдеде «Қоржын-Тоғай» деген жердегi орман шаруашылығының ғимараттарын қиратты, қолдарына бiраз қару-жарақ түсiредi. Сонымен қатар көтерiлiсшiлер өз әрекеттерiн Чалдовар, Меркi және Луговой сияқты iрi елдi мекендер ауданына ауыстырды.

Бұл Әулиетата уезіндегі көтерілістің басы ғана болатын. Көтерілістің қалай басталғаны жөнінде 1916 жылы 2 қыркүйектегі Сырдария облысының әскери губернаторы А.С.Мадритовтың Торғай облысының әскери губернаторы М.М.Эверсманға жіберген хабарламасынан білуге болады. Онда былай делінеді: «21 тамызда жіберген мәліметіме қосымша хабарлаймын: Сырдария облысындағы Әулиеата уезіндегі халықтың наразылығы көрші орналасқан Жетісу облысының Пішкек уезіндегі халықтың көңіл-күйіне әсер етуде. Оны мынадан көруге болады, 20 тамызда Үшбұлақ және Чалдовар пошталық станцияларының қызметкерлері өз жұмыс орындарын көпшіліктің көзінше тастап кеткен. Соның салдарынан пошта жұмысы тоқтап қалды. 28 тамызда Әулиеата уезіндегі Құрағаты болысында болыстардың съезі өтпекші болып, онда тыл жұмыстарына алынатын адамдардың тізімі жасау көзделеген. Алайда бұл съезге ауылдық старшындар мен елу басылардың келмеуінен съез өтпей қалады. Осыдан кейін Меркі бөлімінде бүлік басталады. Меркіден 16 верст жерде Құрағаты болысының қазақтары жиналып бөлім приставымен атысады. Атыс кезінде бірнеше қазақ оққа ұшады». Яғни Меркі бөлімшесінің приставы Меркіден 20 верст жерде қазақтар жиналғанын және олардың майданның қара жұмысына тізім бермейміз деп наразылық танытып жатқаны туралы хабар алып, қасына 10 салт атты жасақ алып наразылық танытушылармен тізім беру жөнінде келіссөз жүргізу мақсатында жүріп кетеді. Оларды балта, найза, пышақ, қаңжар, шоқпармен қаруланған мыңға жуық көтерілісшілер күтіп алып, келіссөзге келтірмей приставқа шабуыл жасайды. Өзінің өміріне қауіп төнген соң пристав Меркіге қашып келіп құтылады. Осыдан кейін, яғни, 25-шi тамызда Меркi бөлiмшесiндегi көтерiлiс шырқау шегiне жетеді. Әсіресе жазалаушы әскерлердің күштерiне соққы беруде Арағыты болысының көтерiлiсшiлерiн басқарған Ақкөз (1859-1921) деген ақсақал ерекше көзге түседі. Ол Қорағаты болыстығының болысы ретінде Меркi өңірінің халқына ықпал жасаған беделдi адам болған және алғашқылардың бiрi болып өз болысы жiгiттерiнен көтерiлiсшiлер жасағын ұйымдастырған. Меркі бөлімінің бастығы Лундин қыркүйектегі Әулиеата уезінің бастығына берген мәліметтерінде былай деп хабарлайды: «Көтеріліске шыққан қазақтардың негізгі басшысы Құрағаты болысындағы №8 ауылдан шыққан Ақкөз Қосанов. Шабуыл кезіндегі қаза болған қазақтардың қолынан табылған ұш линиялық мылтықтар олардың Жетісу облысындағы көтерілісшілермен тығыз байланыста болғандығын дәлелдей түседі». 18-19 жасында 80-нен асқан Сыпатай батырдың батасын алған Ақкөз батырдың орынбасары болып Досмайыл Сырғабайұлы (1938 ж. қайтыс болды), хатшы және діни басшысы болып Өмірзақ молда сайланған. Оның жасағына бiртiндеп басқа болыстардың да көтерiлiсшiлерi келiп қосылып, 1916 жылғы тамыз айының ортасында Ақкөз бастаған көтерiлiсшiлердің саны 13 мыңға жеткен. Ақкөз жазалаушы патша әскерлерiмен қыркүйек айының соңына дейiн күрес жүргiзген. Жау қолына түскен Ақкөз өз серiктерiмен Әулиеата түрмесiне жабылып, кейін олар түрмеден 1917 жылғы Ақпан революциясының арқасында босап шығады. Ақкөз Қосанұлының 1917 жылдан кейiнгi тағдыры көп жылдар бойы көпшiлiкке белгiсiз болып келдi. Кейiнгi жылдары жүргiзiлген зерттеулерге қарағанда, кезiнде патшалық Ресейдiң озбыр отаршыл саясатына қарсы мыңдаған қол бастап, қарулы көтерiске шыққан, қарадан шығып «хан» атанған ол одан кейiнгi жылдары қарапайым қазақтардың бiрi ретiнде өмiр сүрген. 1919 жылы Новотройцк селосындағы базардан азық-түлiк сатып алып, өз ауылына қайтып келе жатқан жолда оған 1916 жылғы көтерiлiстен берi кектесiп жүрген келімсектердің ауыр соққысының салдарынан ұзақ ауырып 1921 жылы дүниеден озған.

Сонымен Меркідегі көтерілістің  барысына тоқталсақ, 29-30-тамыз күндерi жалпы саны 1500-2000-ға жуық көтерiлiсшiлер Меркеге тағы да екi дүркiн шабуылға шығып, Мерке-Пiшпек телеграф байланысы түгелдей iстен шығарады да, бiрнеше рет патша өкiметiнiң жазалаушы жасақтарына жүздеген үйiр-үйiр жылқыны қарсы айдап, олардың бiразын ат тұяқтарының астында қалдырды. Осыдан соң екіге бөлінген көтерілісшілердің бір бөлігі Меркіге бас салса, алған екінші бөлігі Кузьминка селосына басып кіреді. Бұл кезде көтеріліс шықты деген хабарды алған Кузьминканың тұрғындары Меркі, Каменка және Луговой селоларына қашып кеткендіктен қазақтар бос тұрған селодағы үйлерді өртеп малдарын айдап әкетеді. Ал қалған селоларды шабуылдаушыларды жақсы қаруланған патшаның бір рота әскері қарсы алып, оларды қырып салады.  Өкінішке орай Меркі гарнизоны көтерiлiсшiлердiң 31-i тамыздағы шабуылын да керi қайтарды. Дегенмен өз кезегінде көтерілісшілер Меркінің маңайындағы келімсектердің бүкіл егіншілік шаруашылығын талқандап, олардың үшеуін өлтіріп кетеді. Сонымен қатар көтерілісшілер сол күні Новотроицк селосынан Әулиеатаға қарулану үшін бара жатқан келімсектерден құралған 74 жасаққа шабуыл жасап, олардың 22-ін өлтіріп құдыққа тастаса, 32-сін алып кетеді. Ал қалғандары қашып құтылады. Кейін белгілі болғандай 32 адамның 12-сі тұтқында болып босатылса, ал қалған 20-сі өлтірілген. Олардың көбісінің денелерін құмның ішінен тауып алынған. Көтеріліске шыққан қазақтардың оларға шабуыл жасауыңда өзіндік себептері бар болатын. Өйткені Әулиета уезіндегі көтерілістің кең өріс алуына келімсектер де тікелей «үлестерін» қосқан. Мәселен Сырдария обысының әскери губернаторына дайындаған жергілікті әкімшіліктің мәліметіңде былай делінеді: «Қазақтарды майданның қара жұмысына алады екен деген хабар Әулиеата уезінде тез тараған. Бастапқы кезде 19 пен 43 жас аралығындағы адамдардың бәрі де окоп қазуға алынады делінген. Қазақтардың сөзіне қарағанда олармен жақсы қатынасқан поселкалардағы шаруалар қазақтарға ешқандайда тізім жасатпаңдар, бәрің де далаға көшіп кетіңдер, бүгін сендерді окоп қазуға алса, ертең бізді соғысқа алады деп азғырған. Міне осындай үгіт пен әр түрлі сыбыстардың салдарынан Әулиеатаның солтүстігіндегі Меркінің маңындағы ауылдар қыстаулары мен әр түрлі заттарын тастап, Шудың бойына көшіп кетеді. Дәл осы уақытта Пішпек уезінен көтеріліс туралы көптеген хабарлар келе бастайды. Пішпектік тұрғындардың шаруаларға шабуыл жасап жатқаны жөнінде мәлімет алған жергілікті билік Әулиеатаның шаруаларын қаруландыруға көшеді. Сол кезде Пішпекке алғашқы жазалаушы әскерлер жөнетіледі. Пішпекке әскер келе жатқанын пайдаланған келімсектер тізім беріп көшпей қалып қойған қазақтарды қарумен қорқытып жылқылары мен басқа да малдарын тартып алып, дүние мүлкін тонай бастаған. Осыдан кейін тонаушылққа ұшыраудан қорыққан «бейбіт» қазақтар да көшіп кеткен. Шөл далаға көшіп барған қазақтар көп қиыншылық көрген. Кері қайтуға қорыққан. Олардың айтуынша Пішпек уезінің Белый Вода приставы 500 қазақты түсініктеме алу үшін шақыртып алған кезде сол селоның шаруалары олардың бәрін қырып тастаған. Меркі бөліміндегі қазақтардың айтуынша Лундин деген пристав көшіп кеткен қазақтарға бірнеше беделді қазақтарды келіссөз жүргізуге жібереді де, артынша өзі он шақты әскермен және көптеген шаруаларды ертіп алып, келіссөзге жіберген қазақтардың артынан аңдып барып, көтерілісшілерге тұтқиылдан бас салған. Осы жағдайлар меркеліктердің орыстардың поселкаларына шабуыл жасауына және телеграфтық жүйелерді қиратуға алып келген. Көтеріліс басталысымен патша әкімшілігі Әулиеатада окоптар қазылып, келімсектерді қаруландыра бастаған. 10-ші қыркүйекте Әулиеатадан Урбанек пристав бастаған жетпіс әскер көтерілісшілердің соңына түседі. Бірақ жазалаушылардың бұл сапары толығымен сәтсіздікке ұшырайды. Қыркүйектің ортасында 25 әскері және 25 шаруалардан құралған жазалаушы топты басқарған Асының приставы патша әкімшілігіне жұмысшылардың тізімін берсе де қазақтардың ауылдарына шабуыл жасаған. Қазақтар болса бүкіл малы мен дүние-мүлкін, тіпті қазандарыңда пісіп тұрған тамағына дейін тастап қашқан. Шаруалар ауылды тонағаннан кейін пристав Әулиеатаға қайтқан. Шаруалар қазақтардың ауылын тонауды үнемі жалғастырумен болған. Тіпті олардың қарақшылық ісін тоқтатпақ болған жергілікті шіркеудің дін иегерін мұсылмандарға сатылғансың деп кіналаған».

Сонымен 29-31 тамыз күндері найза, шоқпар, айбалта, сойыл, аңшы мылтығы секілді қарабайыр қарулармен жасақтанған 1500-2000 мыңдай сарбаздардың Меркіге жасаған шабуылы сәтсіз аяқталады. Жеңіліске ұшыраған көтерілісшілер Шуға, құмға қарай бас сауғалап қаша бастайды. Сондай-ақ жергілікті орыс мұжықтары да қаруландырылады. Тіпті Пішпектен Меркіге жазалаушы қосындарды тез жеткізу мақсатында автокөліктер де пайдаланылған. Осыған байланысты әскери губернатор С.А.Геппенер Әулиеата уезіндегі әскери гарнизондарды күшейтуді қажеттігін алға тартып, Түркістан генерал-губернаторына мынадай мазмұнда мәлімет жібереді: «Уездегі тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында төмендегі шараларды іске асырудамыз: 1. Тамыздың 29-күні Меркіге жарты рота әскер және 25 атты әскер жасағы жіберілді. Тағы да жарты рота әскер дайындап жатырмыз. 2. Әскери бастықпен байланыса отырып, Шу бөліміндегі орыстардың қауіпсіздігін күшейттік. 3. 30-күні таңертең Меркіге тағы да жарты рота әскерді екі пулеметпен жібермекпіз. Бұл әскерді 243-ші батальоннан алдық. Соның артынан тағы да екі рота әскерді көмекке дайындаудамыз. Оны да сол 243-ші батальоннан алмақшымыз. 4. Уез бастығы телеграф арқылы Меркі приставына қосымша күштер жайында хабар жіберіп үлгерді. Осы жіберілген күштердің ізінше Меркіге уез бастығы барады. 5. Меркіде басталған бүліктің Әулиеата уезінің басқа аймақтарға тарап кетпес үшін осы уездегі гарнизондардағы әскерлерді күшейту қажет деп ойлаймын». Мұнымен қатар, жергілікті әскери әкімшілік Меркі бөлiмшесiндегi көтерiлiстiң қайтадан өрiс алу қаупiнен жасқанып, қыркүйек айының басында өз орыстарын қорғауға және көтерілісті басу үшін Ташкенттен тағы да қосымша күш ретiнде запастағы Сiбiр полкiнiң екi ротасын алғызып, орыс мұжықтарын қаруландырады. Яғни, көтерілістің осындай ұлтаралық бағытын жақсы түсінген патша әкімшілігі орыс қоныстарын қорғауға алады да, оларға тез арада қару жарақ таратып береді және көтерілісті аяусыз басу үшін сырттан әскери күштер шақыртқан. Міне осындай зор күштен көтерiлiс жеңiлiс тауып, ал оған катынасушылар жаппай куғын-сүргiнге ұшырап, қатты жазаланады, мал мен мүлiктері де талан-таражға салынып, ауылдары өртенедi. Бүкiл Түркiстан өлкесi бойынша әскери-далалық сот пен тергеуге үш мыңнан астам адам берiлдi, олардыц 347-i өлiм жазасына кесiлiп, 168-i каторгалық жұмыстар атқаруға бұйырылды, ал 129 адам әртүрлi мерзiмдерге сотталып, 228-i Сібірдегі каторгаларға жiберiлдi. Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы әділетсіз жарлығының қасіретті зардаптары осындай болды. Жеңiлiске ұшыраған көтерiлiсшi жасақтарының бөлiмдерi Жетiсу облысының Верный уезiне, екiншiлерi қазiргi Қырғызстан территориясына өтiп, сондағы ұлт-азаттық қозғалысының қатарына қосылып, патша жендеттерiне қарсы күрестерiн 1916 жылғы қазан айының ортасына дейiн жалғастырды.

Дей тұрсақ та Сырдария облысындағы көтерiлiс 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттык қозғалыстың құрамдас бөлiгi болды. Ол патша өкiметiнiң бедслiнс айтарлықтай нұқсан келтiрiп, отаршыл метрополияның шаңырағын шайқалтуға өз үлесiн қосты, халықтың отаршыларға, ең алдымен олардың символы – патша өкiметiне деген өте күштi өшпендiлiк туғызды, іс жүзiнде патша өкiметi белгiлеген майданның қара жұмыстарына баруға тиiстi жоспарланған 220 мың адамның 123 мыңы ғана алынды, ал көтерiлiстiң жалауы биiгiрек желбiреген Әулиеата уезiнiң тыл жұмысына алынуға жоспарланған 22676 адамнан, өкiмет құрығына екi мыңнан сәл астам ғана кiсi iлiндi.

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support