РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ

Университеті

«ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ // ТАРМПУ-ДЫҢ «СПОРТ СҮЙЕР ОҚЫТУШЫЛАР» АТТЫ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ 14-ШІ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ



Ресейдің отаршылдық саясаты және Жетісудағы жер дауы

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақтардың қоғамында «жер», «жайылым», «қоныс» және тағы басқа ұғымдар басты роль атқарған. Көшпелі қазақ руларының өздеріне тиесілі жайылымдары мен қыстаулары болып, көшіп-қонып жүрген. Кей уақыттарда ертерек көшіп келген қазақтың жекелеген рулары басқа рулардың шөбі құнарлы, суы мол жайылымына рұқсатсыз қоныстанып талас-тартысқа түсетін. Аяғы үлкен жер дауына айналатын да, ақыры оған қазақтың ақсақалдары мен билері араласып, бұл мәселені өзара реттейтін.

Бірақ ХІХ ғасырдың ІІ жартысына қарай Жетісу өлкесінде жер дауы күрт шиеленісіп, ең маңызды саяси факторға айналды. Оған себеп болған Ресей империясының отаршылдық саясаты еді.

«Қазақ халқының рулардан тұратынын сәтті пайдалана білген басқыншылар бір руды екіншісіне айдап салды, араға сөз жүгіртіп, ел арасын арандатты. Қазақ қоғамындағы дау-дамайларды қасақана қоздырып, өзара қырқыстыру нәтижесінде ата мекенінен бірте-бірте айырды» –деп жазылды деректерде 1.

Яғни, патшалық Ресей империясы өзінің отаршылдық саясатында қазақ даласын түпкілікті иемдену үшін қазақ руларының бірлігін жойып, бөлшектеуге кірісті. «Қазақтың ежелгі рушылдық ынтымағының тамырына шабылған балта - патша өкіметінің отаршылдық саясаты. Ру мен руды, ағайын мен ағайынды араздастыру әдісін қолданған бұл саясат, елді арандатып, быт-шыт қылды» 2. Отаршылдар бұл әккі саясатын еппен, асықпай жүргізеді. Нәтижесінде Жетісу өлкесін мекендеген Ұлы жүз қазақтарының руаралық жанжалдардың пайда болуы мен Ресей империясының қол астына өтуінің өзі, осы жер дауына байланысты өрбиді.

Яғни патша үкіметі жер дауын пайдалана отырып, күшпен Ұлы жүздің жерлерін Орта жүздің қазақтарының кейбір руларына тартып алып береді. Атап айтқанда Х.Арғынбаев өз еңбегінде былай деген: «Арғын руларының қысымымен наймандар Аягөз, Көкпекті, Ақсу өзендеріне, Тарбағатай тауының етегі мен жоталарындағы жайылымдарға көшкен де, одан да асып Алакөл мен Сасықкөл және Тентек, Шілікті, Лепсі, Ақсу өзендері төңірегіндегі жайылымдарға қоныс аударып, Қаратал өзеніне дейін жеткен. Оңтүстік Балқаш өңірі, Алакөл көлі, Жоңғар Алатауы және Қаратал өзені аралығында жатқан жер үшін Орта жүз бен Ұлы жүз көшпелілері арасында дау-дамай болып тұрған» 3.

Яғни, орыстар айдап салған арғындардың қысымына шыдай алмаған наймандар Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар мекендеген Жетісу өлкесіне қарай ығысқан. Ал  Жетісуды Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздар ежелден мекен етіп келе жатқанын  І. Жансүгіров «Жетісу» деген еңбегінде былай деп келтіреді: «Жетісуды орыс алар тұсында Лепсі, Алтын-арық, Ақсу, Мақаншы бойларында шапырашты, сары үйсін деген елдер қоныстанған еді. Күркілдектің (Аягөз) құйғанынан осы күнгі қонысына дейін Қаратал, Көксу бойында жалайыр жүруші еді. Осы күнгі Іле көпірден өрге қарай Құлжаға шейін беті ашық өзеннің екі жағын өрістеп Ұлы жүздің албан-суаны жатушы еді. Талас суының кеудесінен төмен қарай, Шудың бойы, Қордайдың аяғын баса дулат қоныстанды. Қырғыздардың бұғысы-Ыстық көл маңын, Жаға-Нарын өзенін, сарыбағыш - Қырғыз Алатауында және шоң Келгін және Кебін деген өзендер бойын қоныстанды. Солты - Қырғыз Алатауынан Пішпектен батысқа қарай Атаға дейін және Талас басын мекендеді. Саяқ-Нарын өзенінің орта бойы мен Тоғыз тарауда жүрді. Ширек-Ақсай мен Атбасшыдан, Бессіз бен Тоғыз тарауға шейін жайлап, Памирдің саласына шейін барушы еді» 4.

Сонымен қатар, Жетісу өлкесіне Ұлы жүз қазақтары ежелден иелік жасағанын Қытай деректеріне сүйене отырып Н. Мұхаметқанұлы «Тарихи зерттеулер» атты еңбегінде атап өтеді: «Шындығында Балқаш көлінен Ілеге дейінгі өңірде жыл санауымыздан екі ғасыр бұрын қазақтың арғы ата-бабасы – үйсін билік жүргізген» 5.

Патша әкімшілігінің  жалайырлар мен шапыраштыларға тиісті жерлерді наймандарға тартып алып беруі салдарынан Ұлы жүз қазақтарының арасында жайылымдарға деген тапшылық сезіле бастады. Кейін бұл жөнінде Алатау дуандығының бастығы Колпаковскийдің Батыс «Өткен жылы, әсіресе биыл Іле өзенінің оң жағалауында көшіп-қонып жүрген дулат, жалайыр, шапырашты және албан руларының арасында қысқы жайылымдардың тарыла бастағанын байқадым. Ал оның басты себебі Қапал дуандығына кіретін найман руларының Ұлы және Орта жүз қазақтарының арасындағы шекараны бекіткен кезде жалайырлар мен шапыраштылардың иелігіне жататын біраз жерлерді ешқандай дәлелсіз, өз бетінше басып алған. Нәтижесінде шекараның арғы жағында жалайырлар мен шапыраштылардың ең таңдаулы деген қыстаулары қалып қойған» 6. Оның үстіне патша өкіметінің Жетісу өлкесіне казактарды әкеліп, қоныстандыра бастауы, Қытай жерінен қазақтардың қайта көшіп келуі Ұлы жүз қазақтарының жағдайын одан сайын қиындатып жібереді.

Жетісу өлкесіндегі жер мәселесіне көңіл бөлген Н.А. Аристов өз еңбегінде былай дейді: «ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары орыс-казактарының қоныстануы үшін қазақтардан көптеген жерлердің тартып алынуы, қазақтардың белгіленген жерлері азайып, жерлерін орыстарға берген қазақтар басқа қазақтардың жеріне орналасып, көптеген жайылымдар өз иелерін өзгертті. Алатау дуандығындағы  жерді пайдаланудағы даулардың өршуі және онсыз да жер жетпей жатқан қазақтарға Қытайдан көптеген Ұлы жүз руларының көшіп келіп қосылуы жер мәселесін одан сайын шиеленістіріп жіберді» 7.

Жалайырлар мен шапыраштылардың жерлерінен айрылуы, Ұлы жүз қазақтарының арасында жайылымдардың жетіспеушілігі патша  өкіметіне Жетісу өлкесіндегі отаршылдық саясатын одан әрі өрістетуге жағдай жасады.  Патша өкіметі ендігі  кезекте жер дауын ушықтыру арқылы әлі Ресейдің билігін мойындамаған, мойындағанымен жетегіне жүргісі келмеген кейбір қазақ рулары мен қырғыздардың күші мен бірлігін әлсіретуді көздеді.

Оның ішінде Жетісу өлкесіндегі Ресейдің билігіне өте қауіпті деген Тойшыбек, Байсейіт, Әли, Тезек, Сұраншы, Диқанбай және тағы басқа қазақтың сұлтандары мен билерінің халық алдындағы беделіне нұқсан келтірмек болып, жайылымдары тарылған руларды солардың иелігіндегі жерлерге қоныстандырады. Патша әкімшілігінің бұл жерде ойлаған мақсатында қарамағындағы рулар жерден таршылық көрсе, бірінші кезекте өздерінің билеушілеріне қарсы шығып, бізден көмек сұрайды, сол арқылы олардың билігін шектейміз немесе оларды көнбіс билеушілермен алмастырамыз деген саясат жатты.

Әсіресе, патша әкімшілігі үшін албандардың аға сұлтаны Тезек Нұралиев қауіпті болып саналды. 1855 жылы 3 желтоқсанда Жеке Сібір корпусының командирі Үлкен орда Приставына жіберген нұсқауында: «Маған құпия түрде сұлтан Тезекее қарсы қолданылып жатқан іс-шараларды жеткізіңіз. Қалай болса да Тезекке қарсы қатаң шаралар қолданыңыз. Сұлтан Әли мен оның балаларын және бүкіл дулат руларының оған деген өшпенділігін оятып, қарсы қойыңыз. Оларды барынша қолдап, дем беріп отырыңыз. Оған қарайтын албан руларынан Тезекке наразы кіші сұлтандар мен билерді және рубасшыларын іздеп тауып, оларды Тезекке қарсы топтастырыңыз. Дулаттар мен жалайырлардың руларын Тезектің иелігіне қоныстандырып, жер дауын қоздырыңыз. Осы іс-әрекеттердің бәрін түлкідей қу және жолбарыстай қатал, билік сүйгіш ордалықтың көзіне түспей, өте сақ әрі жасырын түрде жүзеге асырыңыз» делінген 8.

Тезек сұлтанды өте қауіпті санаған Жетісудағы патша әкімшілігі губернатордың берген нұсқауын бұлжытпай орындап, албандардың жеріне дулаттар мен жалайырларды қоныстандыру жөнінде нұсқау беріп, айдап салады. Тезек сұлтан да дулаттар мен жалайырларға қарсы іс-әрекетке барып, өз жерін қорғауға әрекеттенеді. Осыған байланысты 1861 жылы 19 қыркүйекте жалайырлардың бір топ сұлтандары мен билері Алатау дуандығының бастығына шағымданады: «Сіздің бекітіп берген қыстауларымызға көптеген руларды бастап албандарға жататын айт руының биі Кенжебек қоныстанып алды. Олардың аға сұлтаны Тезекке шағымдансақ та көшетін түрлері жоқ» 9.

Тезек сұлтаннан мұндай қадамды күтпеген Алатау дуандығының бастығы Колпаковский оған былай деп хат жолдайды: «Жалайырлардың сұлтандары мен билері маған берген шағымдарында Кенжебек бастаған албандар олардың Малайсарыдағы және тағы басқа қыстауларын иеленіп алыпты. Жалайырлардың қыстаулары қандай жағдайға дейін тарылғанын білгендіктен мен Кенжебек пен Сұлтанға бөтен қыстауларды тастап, сіз айтқан жерге барып тұруға бұйрық беруіңізді сұраймын. Сіз оларға Түгерек бойынан немесе Абдарлы құмынан, болмаса Майтөбеден бос орын тауып беретініңізге сенімім мол. Келесі күзде бүкіл шапыраштылар осы жерге келеді. Сондықтан жақсылықпен руларыңызға басқа жерден қыстау іздегеніңіз дұрыс» 10.

1861 жылы 31 қазанда Колпаковскийдің хатына Тезек сұлтан жауап ретінде мынадай мәлімдеме жасайды: «Сіздің 18 қазанда жазған хатыңызды алдым. Онда Кенжебек мекендеп отырған қыстауларды жалайырлардың мекені депсіз. Бірақ, Малайсары мен оған жататын таулар ертеден албандардың мекені, сол жерде олар туылған. Желді Қара сай Кенжебектің әкесі Абаққа қарайды. Қытаймен достықта болғандықтан біз он жыл бойы бұл жерді уақытша тастадық және қайта көшіп келдік. Жалайырлардың жері бүкіл Қараталдың бойы, Іле мен Қараталдың аралығындағы құмға бәрі сияды және кезінде көшіп-қонғанда Мұхамедшахтың марқұм әкесі Сүйік жалайырларымен Ақешкі, Қызыл ағаш және Қапалға жақын жерлерде жүргенін Сіз өте жақсы білесіз. Біз бұл жерге келмей-ақ қойғымыз келіп еді, бірақ шегірткелер 500 ауылдың шабындығын жойып кетті. Оның үстіне қытайлықтар барлық албандар мен суандарды қуып жатыр. Егер де менің бүкіл албандарым мен суандарым Қытайдан көшіп  келетін болса, Малайсары  және оның аумағы жалайырларға жоқ. Сондықтан жалайырлар Сүйіктің кезінде көшіп-қонған жерлеріне оралсын. Ұлы жүздің наймандармен болған жалпы дауында Лепсі біздің жер екенін айтқан едік. Үкімет бізді қолдаған жоқ, шамасы ол жерлерді наймандарға берген болуы керек» 11.

Патша өкіметінің жүргізген отаршылдық саясатының түпкі мақсатын түсінген Тезек сұлтан Қытайды ара ағайындыққа шақырған. Тезек сұлтанның Ресей билігіне бас иіп, екінші жағынан Қытаймен байланыс жасамақ болғанын білген патша әкімшілігі оның әрбір басқан қадамын аңдып, оған ескерту жасап отырған. «Маған жеткен сыбыс бойынша, сен жалайырлармен тіл табысу үшін қытайлықтарды шақырыпсың. Бірақ сен олармен кездесе алмайсың. Өйткені, біздің үкіметтің келісімінсіз қытайлықтар шекарадан өте алмайды. Егер де сен қытайлықтарды шекарадан өткізіп, жалайырларға алып келсең, онда сен жауапқа тартыласың. Сондықтан Сізден өтінерім, жалайырлармен келісімге қытайлықтарсыз-ақ отырыңыз немесе жалайырларды Түгерекке шақырып, сонда Сұлтанғазы екеулерің қазақтың дәстүрімен дауды бітіріңдер» 12.

Сонымен қатар патша өкіметі Жетісу өлкесін мекендеген қырғыздардың да ішкі ісіне араласып, жер дауы арқылы бір-біріне қарсы қойып, әлсіреген қырғыз руларын өз жағына шығарып отырған. Жетісу өлкесін мекендеген қырғыз руларының сол кездегі негізгі жері Ыстықкөлдің аумағы мен Күнгейдің солтүстігі және Теріскейдің оңтүстігіне дейін созылып жатты 13. Жетісу қырғыздарындағы жер дауы негізінен ірі рулардың арасында жүріп, оның ішінде сарыбағыштар мен бұғылардың жер үшін талас-тартысы көптеген қырғыздардың өліміне алып келген. Н.А. Аристов қырғыз руларының өзара қырқысуының шығу себебін былай түсіндіреді: «Бұғылар Текес, Қарқара, Кеген, Нарын және Ыстықкөлдің шығысы мен оңтүстік жағалауындағы кең және шұрайлы, суы мол шабындықтар мен қыстауларда, жайылымдарда көшіп жүргенде, сарыбағыштардың манабы Орман Ыстықкөлдің батыс жағында болғанымен жайылымдардан таршылық көреді. Оның үстіне батысында Төрегелді және солтүстігінде Жантай манаптармен көрші болуы, оның бұғылармен жауласуына себепші болды» 14.

ХІХ ғасырдың І жартысында басталған Ресей империясының Жетісу өлкесінде жүргізген отаршылдық саясаты Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың жағдайын күрт нашарлатып, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық жер иеленудің маңызды жақтарын қиратты. Патша өкіметінің әлсіз немесе Ресей билігін мойындаған руларды тәуелсіз көшіп жүрген ірі руларға айдап салып, жер дауын қолдан жасап немесе ушықтыруы, отаршылдық езгінің күрт күшеюіне, рулық-қауымдық жерлерді жаппай тартып әкелуін тудырды. Осының салдары шаруашылық қатынастардың мықтап бұзылуына, сұлтандар мен билердің беделі мен ықпалының күрт құлдырауына әкеп соқтырды.

Нәтижесінде Ресей империясының Жетісу өлкесін жаулап алуына жол ашып, оның отаршылдық саясаты іске асады. Сонымен қатар патша өкіметі Ұлы жүз қазақтарын емін-еркін билей бастайды. Оған себеп болған бірінші жағынан сұлтандар және билердің өзара араздығы мен ауыз біршілігі болмаса, екінші жағынан патша әкімшілігінің ептілікпен жүргізген әккі айла-әрекеттері еді. Мұндай саясатты орыс әкімшілігі жергілікті жердің тарихи ерекшелігін, қазақтардың тілі мен әдет-ғұрпын зерттеу арқылы жүргізіп отырған.

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support