Официальный ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

Таразский Государственный Педагогический

Университет

ПОЛУЧИ МИЛЛИОН ТЕНГЕ НА СВОЙ СОЦИАЛЬНЫЙ ПРОЕКТ! ДЛЯ МОЛОДЁЖИ ОТ 14 ДО 29 ЛЕТ. ПОДРОБНОСТИ НА ZHASPROJECT.KZ



ХІХ Ғ. ІІ жартысындағы патша өкіметінің Оңтүстік Қазақстандағы реформалары және оған жергілікті халықтың қатынасы

Ресей империясының өз қарамағына Оңтүстік Қазақстанды қосып алуы оның қазақ даласын толық жаулап алуының аяқталғанын көрсетті. Нәтижесінде патша өкіметі отаршылдық саяси мүдделерін басшылыққа ала отырып, қазақ сұлтандарының өз билігін қалпына келтіруге деген ұмтылысын және олардың тәуелсіздігін аяусыз жаныштап, қазақтың оңтүстік өлкесінде отаршылдық-әкімшілік жүйесін орнатуға кіріседі.

1867 жылы наурызда Дала комиссиясының тұжырымдамасы бойынша император Александр ІІ-нің үкімімен Ресейдің Орталық Азия иелігінде басқару жүйесін құруға қатысты ұсыныстар даярлау мақсатында соғыс министрі Д.А.Милютиннің төрағалығымен Ерекше Комитет құрылса, сол жылы 11 шілде айында Ресей патшасы ІІ Александр империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөнінде жарлыққа қол қояды.

Осымен бір мезгілде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару ережесінің жобасы» бекітіледі.

Түркістан генерал-губернаторлығы екі облыстан тұрды: Орталығы Ташкент қаласы болған Сырдария облысынан және орталығы Верный қаласы болған Жетісу облысынан.

Жетісу облысының оңтүстік-шығыс шекарасы Қытай мемлекетінің Шығыс Түркістан өлкесімен, оңтүстік батысында Ферғана облысымен батысында Сырдария облысының Әулие-Ата және Семей облысының Қарқаралы уездерімен, солтүстік-батыста Семей облысының құрғақтағы шекарасы және Балқаш көліне дейінгі аралықты қамтыды.

«Ереже жобасы» бойынша губерниялық басқару «әскери-халықтық» деп аталды да, оны жүргізу генерал-губернаторға жүктелді. Ережедегі «Әскери жағдай» факторы Түркістан генерал-губернаторлығын басқару жөніндегі алғашқы бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде басты шарт болып табылды. Олардың барлығы өз негізінде «әкімшілік және әскери биліктің бөлінбейтіндігін және оның бір қолға шоғырландырылғанын» дәлелдеді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған фактор мен жергілікті қоғамның дәстүрлі әлеуметтік-құқықтық және мәдени нормаларын білмеу, патша өкіметін «саяси сипаты жоқ барлық істер бойынша ішкі басқаруды  халықтан сайланғандарға» беруге және «жоғарғы мекемелердің құрылымын  мүмкіндігінше, империяның басқа бөлімдеріндегілерге ұқсастыруға» мәжбүр етті. Құқық қатынастарда шариғат пен жергілікті салт-дәстүрлерді «олар орыс заңдарымен анықталған, түземдік басқаруда мемлекеттің мүддесіне зиян тигізетіндердің барлығын шектеген, басқару органдарын жергілікті басқарудың талаптарына сәйкес дамытқан, сотты әкімшіліктен толық ажыратқан» уақытқа дейін қалдыруға тура келді [1, с.163].

Бұл аталған жалпы қағидалар осы кезеңде Түркістан халқының барлық өмірін қамтыған және реттеген көптеген жарлықтарда, нұсқаулықтарда, директиваларда одан әрі дамытылды және жетілдірілді.

Жаңа әкімшілік жүйе «Қазақ даласын жекелеген әскери губернаторлықтар мен уездерге бөлу қазақ даласында тармақталған әскери-бюрократиялық аппарат құруды көрсетті» [2, с. 79.]. Сондай-ақ жергілікті ру ақсүйектерінің  ықпалын әлсірету үшін ауылдар мен болыстарды рулық сипатына емес, жергілікті халықтың шаруашылық жағдайына байланысты бөлу көзделді.  Сырдария облысының  әскери губернаторы Н.Гродеков көрсеткендей: «1867 жылғы Сырдария және Жетісу облыстарын басқару жөніндегі  заң бойынша  қырғыз руларын ажырату мақсатында көшпенді халықты болыстар мен ауылдарға бөлу көзделді, өйткені үлкен рудың бір рубасының қол астында болуы саяси жағынан зиянды еді» [3, с.13].

Яғни, бұл реформа бойынша қазақ сұлтандарының қызметі бұдан былай отаршылдық билікке керек болмай қалды және өздерінің саяси күшін жоғалтып, олардың құқықтары басқа халыққа теңестіріледі де, ресми түрде ешқандай артықшылықтар берілмеді. Сұлтандарды саяси сахнадан шеттету мен олардың қазақ қоғамындағы мәнін төмендетуді патша өкіметі жоспарлы және зерттелген түрде жүргізді. Оған «енді ақсүйектер мен қаралар арасында некені ешқандай кедергісіз қиюға болады» деген бап дәлел болады [3, с.5]. Сонымен қатар, 1867 жылғы ережеге сәйкес «болыс басқарушысы мен оның үміткерлерін сайлау үшін 50 үйден бір сайлаушы сайланды, осы сайлаушылардың съезі болыс басқарушылары мен оның үміткерлерін сайлайды» деген бап енгізілді [4, с. 290] .

Болыс басқарушыларының, ауыл старшындары мен олардың кандидаттарын сайлау болыс съездері мен ауыл жиындарында әрбір үш жыл сайын өткізіліп отырды.

Қазақ халқы сайлаулы басқару жүйесін жақсы ынтамен қабылдай алмады, оның басты себебі сайлау кезінде ру топтарының күресі үнемі болып, әр түрлі жолсыздықтарға жол берілді.

Мысалы, ерекше тапсырма бойынша шенеунік Бродовскийдің 1880 жылдың қантарында Кауфманға берген мәліметінде «болыс және ауыл әкімшіліктеріне сайлау барысында кең көлемде, әрі ашық түрде сайлаушылардың дауысын сатып алу жүргізіледі.... Болыс басшысы қызметіне сайланғысы келетін адам, сайлаушылардың дауысын сатып алу үшін 3000 рубльге дейін жұмсайды» – делінген [5, 166 п]. Яғни, отаршыл жүйеде «кең көлемде әрі ашық түрде сайлаушыларды сатып алу» үрдісі кең жайылғандығын көреміз.

Келесі мысалды 1890 жылдың қазанында Әулиеата уезінің басшысы Каллаурдың генерал-губернатор Вревскийге жазған рапортынан көреміз: «Ауыл старшындары, ауыл жиынына тек өздерінің жақындарын шақырады, олар өз кезегінде  жиынға қатысушы адамдардан аз болмайды, қалғандарына жиын болатынын айтпайды. Осылайша жиынға келген өздерінің жақындары арқылы болыс басшысы сайлауын өткізеді. Кейін ауыл старшындары жалған хаттамалар толтырып, онда сайлауға құқығы бар адамдардың жартысынан астамы келді деп жазады.  Шын мәнінде ол сайлаулар, сайлаушылардың азшылығымен өтеді»– дейді [6, 169-170 пп].

Осындай мәліметтерден кейін генерал-губернатор А.Б. Вревский сайлау науқанын тексеру үшін Тойтөбе болыстығына тексеру жібереді. Тексеру кезінде жалған құжаттарды пайдалану әрекеті көп болған. Мәселен, осы болыстың бесінші ауылында 169 үй иелерінен әділ сайлау өтті дегендері 30 адам, тоғызыншы ауылдың 136 үй иелерінен 20-сы ғана мақұлдаған [6, 170 п].

Түркістан өлкесіндегі отаршыл әкімшіліктің сайлау жүйесі қарапайым халықтың ашу-ызасын тудырған.

Мәселен, 1893 жылы Шымкент уезінің  Майлыбұлақ болыстығына сайлау үш рет өткізіліп «сайлаушылар өздеріне сенім ұялатпайтын адамды сайламайды. Нәтижесінде болыс басшысын уез басшысы қызметіне өзі тағайындайды. Бұл тағайындаумен келіспеген шаруалар болыс басшысын «соққыға жыққан» [7, 11 п].

Перовск уезінің Ақтоғай болыстығында да 1895 жылы «елубасыларды сайлау барысында көтеріліс болды»  – деген генерал-губернаторға мәлімдеме беріледі [7, 17 п].

Отаршыл билік жаңа басқару жүйесіне сай, болыс басқарушысын, ауылнай мен билерді сайлау арқылы қазақ халқының менталитеті мен рулық негізін жоюды мақсат тұтты. «Түркістан генерал-губернаторлығын басқару туралы Ереженің» келтірілген 93-бабы төменгі әкімшілік лауазымдарға кімді сайлау керектігін нақты көрсетпейді. Жаңа ереже жаңа әлеуметтік құрылымды енгізді. Ресей империясының барлық қазақтары түземдік халықтар қатарында болды.

Өлкеде тамыр жая бастаған Ресей билік жүйесінің болашақ тағдырының жергілікті халықтың оны өз мемлекеттігіндей қабылдауына немесе қабылдамауына тәуелді екендігін тура түсініп, мүмкін болғанша бұл қатынастың әу бастан-ақ жағымды мазмұн алуына көп күш жұмсалмады. Ендігі кезеңде билік қызметінде үстемдік алған жергілікті халықтың сеніміне кіру мүддесі емес, тезірек өлкенің табиғи байлығын игеру, сонымен бір мезгілде жергіліктің жұрттың өсіп-өну жолында тұрған табиғи талаптарын шегеріп, шектеу болды.

Жалпы алғанда патша өкiметiнің Оңтүстiк Қазақстанға енгізген «Уақытша Ережесі» ұлттардың саяси теңсiздiгі мен нәсiлдiк кемсiтушiлiк, қарапайым азаматтық құқықты аяққа таптаумен сипатталды. Оны Ерже негізінде құқық саласында жүргiзiлген реформа нәтижелерi көрсетті. Реформа бойынша Жетiсу және Сырдария облыстарында әскери сот, империяның жалпы заңдары негiзiндегi сот және халық соты болып бөлінсе, әскери сотпен Ресей билігіне опасыздық жасаған, өз тумаларын өкiметке қарсылық көрсетуге айдап салған, пошта мен әскери көлiкке шабуыл жасаған, христиандарды және христиан дiнiн қабылдауға тiлек бiлдiрген басқа адамдарды өлтiрген қазақтар мен сарттар сотталды.

Ал, империяның жалпы қылмыстық заңдары бойынша көпес керуендерiне шабуыл жасағандар, басқа иелiктерге қашып кеткендер, орталық өкiмет орындарына әдейi қарсылық көрсеткендер, жалған ақша жасаған және оны өткiзгендер, қазына мүлкiн талан-таражға салған жергiлiктi адамдар жауапқа тартылды. Қазақтардың өз арасындағы барымта мен содан туындаған барлық талаптарды және дау-дамайларды халық соты қарады [4, с.293-294]. Халық соты ресми билік органдарының өкілдеріне бағынышты болады да болыс басқарушылары сияқты билер де сайланды. Ереженің 186-тармағында: «сайланған билерді әскери губернатор бекітеді, оларға жалақы төленбейді, бірақ олар  өздері шешкен іс бойынша халық әдетімен бекітілген билік ақысын алу құқығына ие болады» деп көрсетілді [8, 23 б].

Патшалық өкіметінің бұл саясаты билердiң беделiн төмендетіп, әрбiр болыста 4 биден 8 биге дейiн З жылға сайланып, патшалық билiк әкімшілігінің бiр бөлiмшесiне айналады. Халық соттары жеке, болыстық және билердiң төтенше съезi болып бөлiніп, жеке соттар билiгінің маңызы төмендеп, отбасы дауларының көлемінен аса алмайды. Болыс соттарының съезi негiзiнен жеке соттардың шығарылған шешiмдерiнен келiп түскен арыздарды қараса, ал төтенше съезд, мiндеттi түрде уезд бастықтары қатысуымен өтіп, екi болыс өкiлдерi арасындағы талас-тартысты қарастырудан тұрды  [9, 116 б.]. Қазақ халқы мойындайтын жалғыз сот болғандықтан халық сотының өкілеттігін кеңейту қажеттілігіне сәйкес, патша өкіметі тағы да халық сотының екі органын енгізуге мәжбүр болды. Бұлар билердің болыстық және төтенше съездері. Билер сотында шешімін таппаған істер билердің болыстық съезінде қаралатын болды, ал шешілмеген істер көп болғанда төтенше съезд шақырылды. Негізінен, бұл съездерде  әр түрлі рулардың арасындағы істер қаралды.

Сонымен қатар, даулы істерді талқылау үшін түрлі уезд немесе болыс тұрғындары қатынасына қатысты төтенше съездер белгілеу, болысаралық жер дауын шешу мақсатында ерекше съездер шақыру сияқты күрделі істер тікелей әскери губернатордың қарауында алынды.

Билер съезi патша өкiметінің саясатына ыңғайланып жүргiзiліп, қазақтардың адат заңдарын ерiксiз өзгертiп отырды. «Қазіргі кезде сот қызметкерлерi көп пара берiп сайлаушыларын сатып алып жүр, - деді орыстың демократ ойшылы Н. Максимов,- кейiн бұл пара мөлшерiн халық есебiнен шығаруға тырысады. Осындай келеңсiз жағдайда сайланушы жеке бас қасиетiне қарай емес, парасының мөлшерiне қарай қызметке өтедi, сөйтiп халық соттарына өз iсiн бiлмейтiндердiң сайланып кетуiне жол ашылады» [8, с.51]. 1867 жылғы реформаға сәйкес сайланған билерді халық «мөрлі билер» деп атады, өйткені, шығарған шешімді бекіту үшін патша әкімшілігі оларға мөр беретін болды. Мөр шешімнің заңды екендігін және оны орындаудың міндетті екендігін білдірді.

Сыртқа көрінісі сақталған халық соты, енгізілген өзгерістерге байланысты әділетсіз бола бастады. 1867 жылғы жоба бойынша талапкер биді жауапкердің аулынан таңдауы керек болды, ал бұл бидің шешімінің талапкер пайдасында болмайтынын көрсетеді.  Туысқан адамдар бір іс бойынша куә бола алмайтын.

Орыс сотының әділетсіз екендігі жөнінде Сары би билер сайлауына түспек болған баласына былай дейді: «Балам, сен билiкке қызықпа, орыс келдi, билiкте мән қалмады. Сен жасаған билiгiндi олар дұрыс етпейдi... Ортаңа орыс келдi, олар жүрген жерде пара жүредi, елден байлық кетедi, биiнен билiк кетедi, билiк кеткен соң, биiңде бел болама, билiксiз ел бола ма? — деп рұқсат етпептi, өзi де орыстардың қолына билiк өткенiн көрiп, ел арасы дауын шешiп, төрелiк етудi қойып кеткен екен» [10, 52 б].

Қазақ даласындағы сот iстерiн әдiлет министрi және өзге де өкiлеттi орындар 6ақылап, қылмыстық iстер туралы есептердiң көшiрмесi генерал-губернаторға жеткiзiлген.

1867 жылғы 11 шiлдедегi Жетісу және Сьирдария облыстарын басқару туралы Уақытша Ереже» тәжірибе ретінде жиырма жылдай уақытқа созылды. Өйткені 60-80-жылдардың ортасында қалыптасқан Түркістанды отарлаудың түрлері мен әдістерін ескермеу өлке әкімшілігінің саяси бағытына, әсіресе, оның дайындаған Түркістанды басқару туралы жаңа заң актісінің жобасына барынша ықпал етті. Сол себептен 80-i жылдардың екiншi жартысы мен 90-i жылдардың басында патша өкiметi өлкеде әкiмшiлiк реформаларды түпкiлiктi енгiзуге ұмтылды және Қазақстанға шексiз саяси үстемдiк етудi көздеген бұл реформалар өлкенi экономикалық, әлеуметтiк және рухани жағынан да толық игерудiң заң жүзiндегi жолдарын ашып бердi.

1886 жылғы Ережеге сәйкес Түркістан өлкесінің әкімшілік-аумақтық бөлінісі өзгерді. Онда құрамдас бөліктердің жекелеген принципі сақтала бастады.

Бұрын Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына енген Жетісу облысы 1882 жылы оның құрамынан шығарылып, Дала генерал-губернаторлығының құрамына берілді. 1899 жылы ол қайтадан Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына берілді.

1886 жылғы жаңа Ереже өлкені басқарудың «әскери-әкімшілік» түрiнiң негiзгi принциптерiн сақтап, жергiлiктi әкiмшiлiктiң салалық бағыттағы құқықтарын шектегенімен олардың позициялық және жазалау қызметтерін кеңейту арқылы толықтырды.

Аталған ереже әрқайсысы 3 тараудан тұратын төрт бөлiмнен құралды. Соның ішінде «Әкiмшiлiк құрылым» деп аталатын бiрiншi бөлiмде генерал губернатордың мiндетi мен құқықтарына ерекше артықшылықтар берiлдi. Мәселен, оған жергілікті халықтан шыққан саяси сенiмсiз, зиянды деген адамдарды 5 жыл мерзiмге дейін басқа аймақтарға жер аударуға құқық берілді. Генерал-губернаторға берілген бұл құқық патша өкiметiнің қазақ даласындағы асқына түскен жазалау саясатын көрсетедi [11, с.36].

Сонымен қатар, Ереженiң көптеген баптары тікелей қазақ халқының құқын бұзуға бағытталғанын көреміз. Мысалы, Ереженің  141-142 баптары бойынша жерігілікті халық қатаң жазаға тартылып отырған. Баптарға назар аударсақ, онда былай жазылған: «Түземдік халыққа жататын тұлғалар төмендегiдей қылмыс жасаса жауапкершiлiкке тартылады. 1) Христиан дiнiне қарсылық; 2) мемлекеттiк; З) басқару тәртiбiне қарсы; 4) мемлекеттiк жоне қоғамдық; 5) мемлекеттiк және земстволық мiндеткерлiктер туралы қаулыларға қарсы; 6) қазына кiрiсiне және мүлiкке карсы...» [11, с. 19].

Ал, ереженiң «Халық соты» деп аталатын үшiншi тарауында отырықшы және көшпендi халықтар өздерiнiң салт-дәстүрлеріне қатысты қылмыс жасағандарды халық соты арқылы жазалай алады, - деп жазылғанымен, оның  қолында ешқандай билiк болмады. Өйткені жергілікті, халық өкілдері жоғарыда көрсетілген Ереженің 141 және 142 бапы бойынша жауапқа тартылса, онда халық соты оған араласа алмайтын еді [11, с.27].

Яғни, «Түземдік және түземдiк халыққа жатпайтын тұлғалар арасындағы азаматтық дау, таластар әлемдiк судья мен облыстық соттарға берiледi» - деген жолдар осыны жағдайды дәлелдейді [11, с.25]

Ережеге сәйкес халық соты съездерiнiң уақытын, орнын губернатор белгiлеп, оны шақыру уезд бастығының мiндетiне кірген. Сондай-ақ,  «Халық сотының шығарған үкiмiнің шешiмiн уезд басшысы прокурорға жеткiзуге тиiс...» болған [11, с. 28]. «Өлкеде орыс билігі орнағаннан кейін қырғыз даласының жерлері  үкіметтің билігіне көшті, олар халықтың ішкі құрылымын сақтай отырып, жер пайдалануға қырғыз руларының дәстүрлі құқығын ескерді» - патша өкіметінің Түркістан өлкесіндегі жер саясатына И.И.Крафт осылай анықтама береді [12, с.450].

ХІХ-ғасырдың 60-жылдарының соңына қарай толыққанды жауланған қазақ даласындағы негізгі әрі күрделі мәселелердің бірі – жер мәселесі еді.

Жер мәселесін шешуде патша өкіметі төмендегі мақсаттарды көздеді: біріншісі, жергілікті қазақ халқының  күнделікті тіршілігіндегі жер қорын пайдалану ерекшеліктері және жерге деген меншік түрлерін анықтап, отаршыл биліктің жер мәселесіндегі қағидаларын белгілеу; екіншісі, патша өкіметінің мақсатты түрде жүргізе бастаған қоныстандыру ісінің шеңберінде «Қоныстандыруға жер қорларын» дайындау; үшіншісі, жергілікті халықты, соның ішінде көшпенділерді отырықшылыққа мәжбүрлеу еді.

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support