РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ

Университеті

«ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ // ТАРМПУ-ДЫҢ «СПОРТ СҮЙЕР ОҚЫТУШЫЛАР» АТТЫ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ 14-ШІ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ



Төле бидің Ташкентте билік жүргізуі

Туған халқымыздың ежелден-ақ ынтымақ бірлігі жарасқан, босағасы берік ел болу жолында тер төгіп, іргесін нығайтуда жан-жақты еңбек сіңіріп, осы жолда талай-талай қатерлерге жанын сауғаға салған батырлар, халықтық үрдістерді ту ғып көтерген данагөй қариялар, қара қылды қақ жарған әділ билер мен орақ тілді шешендер сияқты тарихи тұлғаларымыз жетерлік. Қазақ халқы тарихта қанша уақыт өтсе де мұндай тұлғаларды әрдайым ауыздарынан тастамай, кейінгі ұрпаққа өнеге тұтқан, әрақайсысының қасиетін ерекше қастерлеген. Сондай қасиетті есімдердің қатарынан ірі мемлекет қайраткері, дипломат, белгілі шешен Төле би ерекше орын алады.

Бір кездері қыр үстін қаһарымен тітіренткен құдіретті қағанат пен хандықтар өзара іштей алауыздықтан әлсіреп, тақ пен тәж үшін тайталас қырқыста титықтап, алты алаштың мызғымайтындай іргетасы сөгіліп, жан-жақтан байтақ жеріне көз алартқан  дұшпандарына айбарлы күш болудан қалды. Сүттей ұйып отырған  ел-жұрттың шырқы бұзылып, тыныштығы тапталып, Шығыста жөңкіген жоңғар-қалмақ қалың қолына төтеп бере алмай, аласапыранды жойқын шапқыншылыққа ұшырады. Ұлы далаға жасалған дүркін-дүркін щабуыл қазақтардың құрып кету қаупін туғызды. Сөйтіп, 1723 жылғы жылан жылымен келген жеті ағайынды жұтпен бірге жүргізілген  басқыншылық соғыс байырғы көшпелі ел үшін  қанды қырғынмен аяқталып, тарихқа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп енді.

Тап осы қиын-қыстау кезде Төле би қоғамдық өмір сахнасына шықты.  Ол туған халқының даналығы мен кемеңгерлігінің  айнасы, Қазақтың біртуар перзенті негізгі деректерге сүйенгенде Шу бойында өмірге келіп, қандай қиыншылықтар болғанына қарамастан ұзақ жасап, Жиделібайсынды жайлап, тоқсан үш жасында Шыназда дүние салып, өз өситеі бойынша денесі Ташкенттегі Шайқантәуірде жерленген. Бұл кесене Қарлыған әулие деп аталып, зиярат етушілердің киелі орнына айналды.

Он бес жасынан ел билігіне араласқан ол ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасқан. Төле бидің айрықша тұлғланып көрініп, қауымдастық танытып, даналығымен де, кемеңгерлігімен де көзге түсетіні Әз-Тәуке хандық құрған (1680-1718 жж.) тұс. Осы еңбектерінің нәтижесінде Тәуке хан Төле биді ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек және Әйтеке билермен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысқан. Ордабасы жиыны кезінде жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болып, XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың төбе биі болған Төле қазақ даласындағы ең ірі, ең беделді тұлғаның біріне айналды.

Төле би иісі қазақ тарихындағы ғажап, дара тұлға. Оның уақыты аса күрделі еді. Төле хан мен сұлтандардың, қазақ руларының арасындағы өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына еш нәрсе бермейтіндігіне көзі жеткен соң қалың бұқараға, от ауызды, орақ тілді азаматтарына сүйеніп татулықты жақтады. Соның арқасында алғаш рет уағдалыстыққа қол жетіп, 1726 жылы үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары Ордабасына жиналып, анттасып жоңғар басқыншыларына қарсы ақ ту көтеріп, елді саңсыратқан соғысқа соққы беруге мәмлеге келді.

Өкінішке орай қазіргі таңда қазақтың дара тұлғасы Төле бидің ақындық-шешендік өнері мен данагөйлігі және тағы басқа да жеке қасиеттеріне көбірек назар аударамыз да, оның мемлекеттік қайраткерлігі мен саяси қызметіне тереңірек баға беруге ұмтылмаймыз. Оған бірден бір себеп Төле биге байланысты жазбаша тарихи деректер өте аз болғандықтан мәліметтерді негізінен халық ауыз әдебиеті мен жыр-дастандар, шежірелер мен ауызша тарих айту түрінен алуымызда жатыр. Ал егерде осы азғантай жазбаша деректерді жан-жақты ғылыми тұрғыдан талдауға алсақ, одан сол кездегі Төле бидің қазақ қоғамында атқарған рөлі мен орны өте кең ауқымда болғанын, тіпті ол қазақтардың төбе биі ғана емес, хандық дәрежеде қызмет жасағанын бағдарлаймыз.

Міне осындай тарихи жазба деректердің қатарына 1741-1742 жылдары орыс көпестері Арасланов пен Юсуповтың Ташкентке сауда жасай барғандағы сапарнамалық естелігі немесе патша өкіметіне жазған тыңшылық есебі жатады.

Жазбада саудагерлер Ташкентті билеген Төле би Түркістан қаласымен оның маңайындағы бес қалашыққа ықпалы жүріп тұрғанын көрсетіп, тіпті оны қазақтардың ханы деп те атайды.  Содан кейін Түркістан қаласында қауіпке ұшыраған олар қорғаныш іздеп, Төле биге өтініш жасап үйіне барғаны, Төле бидің жеті ағайынды екені, бір інісінің аты Абдулла, билікке араласа бастаған екі ер жеткен балалары бар екені айтылып, көмекке келген бидің осы екі баласы саудагерлерді Ташкентке апарғаны, ақыры Ташкенттің бегі Көсек бектің ажал тырнағынан Төленің құтқарғаны жөнінде жан-жақты жазып, онда Төле бидің асқан адамгершілігі, халық арасындағы абыройы туралы нақты мәліметтер беріледі. Мысалы сөзіміз дәйекті болу үшін жазбадағы мына мәліметтерді беріп кетейік. Онда саудагерлер былай деп баяндайды: «…Алдыңғы уақытта Ташкентті қырғыз-қайсақтардан Жолбарыс хан Төле бимен бірге билік жүргізген.  Төле бидің Ташкентте үйі бар және әйелі де осы қаладан. Сол уақыттары Ташкент Төле би бастаған Ұлы жүзге қазақтарына бағынған... Бірнеше жыл бұрын Жолбарыс өлтірілген. Мұнда басты рөлді Көсек бек атқарып, Ташкентті басып алған. Алайда Көсек Төле биді Ташкенттен ығыстырса да, оның Ташкент тағына деген құқығынан айыра алмаған... Ташкенттіктер Төле бидің билігін мойындамасқа амалы жоқ. Егерде олар қаладан шығып, өздеріне керекті отын мен шөп жинағысы келсе, міндетті түрде қазақтардың тұтқынына түседі. Ал қаланың бегі Көсек болса, Төле биге күші жетпейді».

Бұл жерде Көсек бектің Ташкенттегі билікті жоңғарлардың көмегінің арқасында өз қолына алғанын ерекше атап өтуіміз қажет. Оған жазбадағы мәлімет дәлел бола алады: «…өзін Ташкенттен ығыстырған Көсекке Төле би жау ретінде қарайды. Ол бірнеше рет Ташкентке соғыс ашып, Көсектің туысқандарын өлтіріп кетеді және сарттардың көмегімен өзің де өлтіруге тырысады…Төле би қазір де Көсекпен соғысуға дайын, алайда Жоңғардың билеушісі Қалдан-Церенге қарсы шыға алмайды. Өйткені оған Ташкент пен бүкіл Ұлы жүз бағынуға мәжбүр…». Бұл деректен біз Қалдан-Цереннің өзін дербес ұстаған Төле биді биліктен тайдырып, өзінің қара басын ғана ойлайтын  Көсек бекпен ауыстырғанын кө¬реміз.

Дегенмен осы деректер Төле би мен Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың 1740 жылдарға дейін тікелей, ал 1740 жылдан 1744 жылға дейін жанама түрде болса да Төле би Ташкенттегі билігін өз ықпалынан шығармағанын жеткізеді. Яғни, жазбадан анықталғандай «... Шыршық өзенінің жағалауында және Бозсу арығының басында қоныстанған Төле би кез-келген уақытта судың бағытын өзгертіп, қаланы суыз қалдыра алатын». Сондықтан қала халқы өздерін су иесі Төле биге тәуелдігін мойындаған. Төле бидің Ташкенттегі билеуін тоқтатпағанын басқа да деректерден кездестіруге болады. Мәселен, А.Левшин өз еңбегінде Төле би Жолбарыс хан өлген соң да, Ташкентте билік құрған деп  жазса, Қытай деректері Әлібекұлы Төле би жасақтарының Ташкентті қоршап тұрғанын айтады.

Сонымен қатар, тағы да жазбадағы деректерді зерделесек осы кездегі оқулықтарда кездесетін Төле биге қатысты кейбір мәселелерді теріске шығаратын фактілерді байқаймыз. Мысалы, оқулықтарда Төле би жоңғарлардың билігін мойындап қана қоймай, оларға салық төлеп тұрған деп жазылады. Алайда жазбада Төле би жоңғарларға тәуелді болса да, салық төлемегені былай тұрсын, өз старшындарымен бірге Көсек бекпен, одан кейін жоңғарлардың Ташкентті билеуге жіберген Қасыммен қатарласып қаладағы сарттардан жүйелі түрде жыл сайын 40 мың теңге салық жинағанын, тіпті Төле би бастаған Ұлы жүз қазақтары Түркістан қаласынан да алым алып тұрғаны жөнінде мәліметтер анық берілген.

Ал орыстың келесі бір дерек көзі, яғни 1750 жылдары Орынбор көпесінің приказчигі берген мәлімет бойынша 1744-1745 жылдары Галдан-Церен өлген соң Төле бидің Ташкенттің толық билеушісіне айналып, баласын Қытайға аманатқа береді. Өйткені қытайлықтар 1750 жылдары Абылай бастаған қазақ жасақтары жоңғарлардан елді толық тазар¬тып, 1755 жылдары қазіргі Қытайдағы Шәуешек қамалын қоршауға алып, кейін кері қайтқан болатын. Міне осы оқиға қайталанбас үшін және қазақтар тарапынан тыныштықты қалаған қытайлықтар Төле биден баласын аманатқа беруге мәжбүрлеген.

Сөйтіп өмірінің соңғы жылдарында Төле би өзінің Ташкенттің билеушісі екенін қытайға да, орысқа да таныта біліп, 1756 жылғы өмірінің ақырына дейін Төле би Ташкенттің билеушісі болды деп айта аламыз.

Бұл деректерге сүйене отырып тағы бір ескеретін жай сол уақыттағы қазақтардың саяси тарихына да көптеген өзгерістер енгізе аламыз. Мысалы, кешегі Кеңестік идеологтарының жасаған тарихнамада  жоңғарлардың қазақ даласына жасаған шапқыншылығы кезінде халқымыз басым бөлігі қырылды, ал тірі қалғандары қарсылық көрсете алмай бүкіл мал-мүлкін тастап, жаппай Түркістан аумағы мен Ресей жеріне өтіп кетті, нәтижесінде бүкіл қазақ даласы босап қалды делінеді.

Алайда Шубай Араслановтың жазбасы бұл тұжырымды біршама жоққа шығарады. Мәселен, Орскіден Ташкент қаласына қарай шыққан Шубай Арасланов бастаған орыс сауда керуені өзіне арғынның қазағы Төлек батыр мен оның бауырларына 120 сом ақшаға жолбасшы етіп жалдайды да, оларға керуенді діттеген жерге аман есен жеткізуге міндеттейді. Осы жерде мынадай мәселе туындайды. Егерде сол кезде қазақ даласына жоңғарлар билік құрса саны аз ғана қазақтар қалайша керуеннің қауіпсіздігіне жауап бере алған.

Содан кейін жазбада орыс керуені Орскіден Түркістанға дейін бірден бір жоңғар әскерін кездестірмегені былай тұрсын, қайта жолда үнемі қазақтарға Төлек батырдың арқасында аз мөлшерде салық төлеумен құтылып отырған. Сондай-ақ саудагерлердің жазбасында XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында Түркістан аумағын жоңғарлардың басып алғанымен Ташкент пен Түркістан қалаларының өз дербестігін сақтағанын, онда жоңғарлардың толық билігі орнықпағынын және қалаларда мекендеген сарттарды Төле би сияқты қазақ билеушілерінің барлығы да қазақ батырларына сүйеніп басқарғанын келтіреді.

Төле бидің қарсыласы Көсек бек те қазақтан шыққан Шүкір батырдың көмегімен қаланы басқарып отырған. Жоғарыда келтірілген жазбада Шүкір батырдың Көсек бекке қарсы астыртын сөз байласқандарды талқандап, оны өлімнен алып қалғаны сөз болады. Авторлар Көсек бектің қай ұлтқа жататына тоқталмаса да, оны қолдаған руластарының бәрі де Ташкент қаласында ертеден мекендеп келе жатқанына және олардың билік үшін үздіксіз сарттармен қырылысып отырғанына қарағанда, Көсекбектің де сол жердің қазағы болуы әбден мүмкін.

Көсекбектің орнына билеуге келген жоңғарлардың адамы Қасым да құрама қазақтардан шыққан. Міне осындай тарихи дерек көздерін біз қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарының бірі ретінде қабылдап, одан жаңаша көзқарастар жасауға мәжбүрлейді.

Қорыта айтқанда бұл жолжазба Төле бидің тірі кезінде көз көргендердің қолымен жазылғандықтан даңқты бабамыздың өмірі мен қызметін зерттеуге баға жетпес мұра болып табылатыны сөзсіз.

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support