Официальный ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

Таразский Государственный Педагогический

Университет

«ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ // ТАРМПУ-ДЫҢ «СПОРТ СҮЙЕР ОҚЫТУШЫЛАР» АТТЫ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ 14-ШІ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ



Дария Кожамжарова: Предпосылки повышения человеческого капитала

Жолдаудағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде адами капитал сапасын жақсарту мәселесі атап көрсетілген. Бұл бағыт бойынша білім беру жүйесінің рөлін өзгерту арқылы экономикалық өсудің жаңа моделін жасақтауға, сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытып, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға баса көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтеріне кіретін автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер назарға алынған. Бүгінгі таңда Қазақстанның білімі мен ғылымы дүниежүзілік кеңістікке енуі үшін еліміздегі білім беруді демократияландыруға және оқыту жүйесіне жаңа талаптар қойылуда. Яғни, адамдар бір елден екінші елге барып оқып, еңбек етуде, ғылыми ұжымдар бірігіп, ортақ зерттеулер жүргізілуде. Технологиялар біздің өмірімізге үлкен жылдамдықпен енуде. Бұл үрдісті тоқтату енді мүмкін емес. Ойлау мен жұмыс істеу тәсілімізді қайта құра отырып, технологиялар адамдарды толығымен өзгертуде. Білім саласы да көп өзгерістерге ұшырап, көп жағдайда технологиялық жаңашылдықтарға байланыста дамиды деп болжануда. «Moodle» жобасы тегін және оқушылардың қауымдастық құруына көмек береді. Ол 20 мыңнан астам сайттарды құрап, 820 мың оқыту курстарын ұсынады. Сонымен қатар, орта білім саласында озық технологиялардың жетістігі болып табылатын Е-learning және Smart-learning жүйесі мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының мүлдем жаңаша түрін қалыптастырады. Яғни, таяу болашақта сіздің балаңыз үйде, ком­пьютердің алдында отырып-ақ, мұғалімнің жаңа сабақты түсіндірген бейнедәрісін тыңдап, тапсырмаларын орындап, ғаламтор арқылы жауабын жіберіп отыратын болады. E-learning – интернет пен мультимедиа көмегімен оқу деген сөз. Ағылшын тілінен аудармасы «электронды оқыту». Электронды оқытудың түпкі нәтижесі – «ақпараттық қоғамды» қалыптастыру.  Кез келген қажетті білімді қоғамның кез келген мүшесіне әлемнің кез келген нүктесінде, кез келген уақытта алуына мүмкіндік жасалған болса, ондай қоғамды «ақпараттық қоғам» деп атауға болады. Өкінішке қарай, біздің елімізде ақпараттық қоғам толық қалыптасқан жоқ. Сондықтан, смарт оқытуға арналған мүлде жаңа форматтағы оқулықтарды, дәлірек атасақ, мәтін, сурет, видео, анимация, т.б. қазіргі күнде біз білмейтін мүмкіндіктерді қамтитын смарт техникаларға сүйенетін кітаптарды жасайтын педагогтердің қызметін күшейту керек. Егер E-learning және SMART-learning үдерістері еліміздің мектептеріне енгізілетін болса, онда оны тез үйрену үшін дереу латын графикасына көшу қажеттілігі де туындайды. Өйткені, тек компьютер, смарт қана емес, әлемде кеңінен таралып, одан әрі дамып жатқан ғаламтор, мобильді телефондар, жерсеріктік теледидарлар және тағы басқа да әлемдік ақпараттық кеңістіктегі технологияларда латын графикасы үстемдік етуде. Оның үстіне латын графикасы қазіргі таңда дүние жүзі бойынша кең қолданылатын жазу жүйесі ретінде де танылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бір жағынан, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуіне, екінші жағынан, Қазақстандағы ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың кең таралуына, дамуына мүмкіндік береді. Білімнің негізгі іргетасы жаңа типті мектептерде қаланатыны бәрімізге белгілі. Сол себепті білім беру ошақтары балаға деген көзқарас пен қарым-қатынаста баланы объект деп қарамай, оны дамушы тұлға ретінде қабылдап, оқу-тәрбие жұмысына осыған лайық өзгерістерге сай педагогикалық тех­нологияны енгізу қажет. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Жаңа технология арқылы бала білім алумен қатар, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыланады. Жеке тұлғаның қалыптасуы – бұл үнемі рухани толығу, даралықты, интеллектілікті, ішкі және сыртқы  жалпы және кәсіби мәдениетті меңгеру дегенді білдіреді. Білім саласындағы бұл жаңашылдық Еуропаның кейбір мектептерінде басталып та кетті. Мәселен, Данияның орта білім беру жүйесі, бірінші кезекте, тәуелсіз тұлға тәрбиелеп шығаруға бағытталған. Және бұл бос сөз емес. Данияның білім заңында бастауыш мектеп білімі негізгі ілім мен әдеттерді үйретіп қана қоймай, оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуы керек екені жазылған. Мектепке дейінгі білім ордаларының (балабақша мен дайындық сыныптары) алдында бірнеше мақсат тұрады: баланың сөздік қорын кеңейту, мектеп ережелерімен таныстыру, төзімді болуға үйрету және қоғамда толыққанды өмір сүруге дайындау. Мектептерде оқушыларды өз бетінше ақпарат тапқаны үшін дереккөздерді сараптағаны үшін мадақтайды. Оқушыларды пайымдарға күмән келтіріп, өз бетінше пікір қалыптастыруға үйретеді, осылайша оларды өзін сыйлауға және өзін тұлға ретінде сезінуге тәрбиелейді. Қоғам үшін рухани дамыған жаңа тұлғаны қалыптастырады. Финдердің білім жүйесінде, логорифм немесе домна пешінің құрылымы балаға қажет деп саналмаса, ол оқытылмайды. Оның орнына балалар кішкентайынан бастап портфолионың, келісім-шарттың, банк картасының не екенін біліп өседі. Бала күнінен мұраға қалған дүние мен болашақта табатын табысынан салықтық пайызын есептей біледі. Интернеттегі визиткасайтты жасауды үйреніп, бірнеше рет арзандатылып қойылған тауардың соңғы құнын шығара алады. Яғни, балаларды тұлға ретінде өз-өзін ерте кезден бастап қалыптастыруға машықтандырады. Бұл да рухани қалыптасқан тұлғаның бір белгісі деп түсінемін. Финдердің пайымдауынша, мектепте бала ең басты нәрсе: өзінің жарқын болашағын қалыптастыру үшін дербес ойлануға, өміріне қажет білімді өз еңбегімен жиюға үйренуі керек.  Ал бізде ше? Білім саласы бойынша соңғы уақыттарда біршама жұмыстар атқарылуда. Бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру стандарттары, бастауыш және негізгі мектеп үшін типтік оқу бағдарламалары жаңадан жасалды. Былтырғы жылдан бастап жаңартылған мазмұндағы бағдарламалар бойынша бастауыш сыныптар оқытыла бастады. Қазіргі кезеңде мектептік білім жүйесі базалық оқулықтарға көшуде. сондай-ақ, оқулықтарды онлайнға көшіру мүмкіндігі пайда болады. Алдағы уақытта мектепке дейінгі балалардың барлық әріптер мен сандарды біліп, 1-сыныпқа толық дайын болып баруы үшін қанатқақты мектептер мен балабақшаларда 0-сынып ашылады. Бүгінгі таңда әлемдік тілдерді жылдам оқытатын үл­гілер бойынша қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту әдістемесі жаңартылды. Енді жаңа оқу жылынан бастап қазақ тілін деңгейлеп оқыту әдісі біртіндеп енгізіле бастайды, бұндай әдіс – қазақ тілін шын мәнінде терең білуге әкелуі тиіс. Ал ағылшын тілінде оқытуды айтатын болсақ, әрине, бірінші мамандар дайындап алу керек. Қазіргі уақытта пән мұғалімдері тілдік курстардан өтіп, өздерінің білімдерін тереңдетуде. Компьютер және ақпараттық технологиялар арқылы жасалып жатқан оқыту процесі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды серіктестік әдіспен жобалар құру мен жаңалықтар ашуға ынталандырып, нәтижесінде өздерінің кәсіби әлеуеттерінің қалыптасуына жол ашу қажет.  Алдағы уақытта болашақ білімнің ажырамас бөлігі мыналардан тұрады: 3Д принтерлер мен 3Д модельдер, экрандалған цифрлы парталар, бүкіл қабырғаны алып тұратын проекторлық модельдер, сандық көзілдіріктер, голография, нейроинформатика және тағы басқалар. Дәптерлер болса оқу үрдісінен алынып тасталуы ғажап емес. Ал мектептердегі білімді осындай сапалы деңгейге көтеру үшін әлі де болса, мемлекет бейне-анимация, сарапшылармен сұхбат, математикалық моделдеуден тұратын оқу бағдарламаларына гранттарды көбірек бөліп, жаңа мамандықтардың да санының көбейтілуі тиіс деп ойлаймын. Сонымен қатар, мектептегі білім сапасын жоғарылатуда «оқу лагерьлері» зор рөл атқара алады. Яғни, болашақта таңдаған мамандығы бойынша оқушылардан математика, әдебиет, тарих, тіл және тағы басқа да пәндердің негізінде оқу лагерьлерін жасақтап, оған дуалды жүйе бойынша тәрбиешілер ретінде студенттерді жіберу керек. Біз білім мен дағдыларды үнемі жаңартып отыратын кезеңге аяқ басып отырмыз. Ал бұл дегеніміз адамдардың әрдайым өз бетінше оқу қабілетін қалыптастыруды талап ету болып табылады. Болашақта қашықтан білім беру әдістері белсенді түрде қолданысқа еніп, тіпті мектепке бару міндеттілігі жойылуы да ғажап емес. Осыған байланысты оқушылардың қашықтан оқытуға қатысуының жүйесі жасалады. Мысалы, Стэнфорд университетінің екі профессоры Себастьян Трун мен Питер Норвиг өткен күзде жасанды интеллект бойынша сабағын онлайн түрде өткізгенде, курсқа әлемнің 200 елінен 160 000 адам тіркелген. Трун мен Норвигтің тұжырымы бойынша, 2050 жылға дейін Жер бетінде бар-жоғы 10 университет қалуы мүмкін. Олар бір мезетте миллиондаған студентті оқыта алатын болады. Қазірдің өзінде өз лекцияларын YouTube немесе iTunes-ке жариялайтын білікті оқытушылар мен профессорлардың саны күннен күнге артуда.   Бүгінгі оқушы, ертеңгі студент жан-жақты дамыған болуы керек. Сонда ғана ол еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандырады. Мектеп қабырғасынан бастап жас жеткіншекке еңбек нарығында табанды түрде бәсекеге түсе алатындай негіз жасалуы тиіс.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҰҒА академигі,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support