РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРС

ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ

Университеті

«ТӨРТІНШІ ӨНЕРКӘСІПТІК РЕВОЛЮЦИЯ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ // ТАРМПУ-ДЫҢ «СПОРТ СҮЙЕР ОҚЫТУШЫЛАР» АТТЫ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ 14-ШІ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ



ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ЖАСАҒАН БАЯНДАМАСЫ. ТАРАЗ

 

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫНДАҒЫ ЖЕР-СУ

АТТАРЫНЫҢ ТАРИХИ МӘНІ

 

Біз – ұлы даланың перзенттеріміз.

Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің  өзі - көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті

болуының астарында да осындай сыр бар.

Бүгінгі таңда бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы Дала еліміз деп атамасқа.

Қазақ тарихының тамыры тереңде жатыр. Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Біз – Орта Азиядағы ежелден келе жатқан мемлекеттердің біріміз. Ол даусыз.

XV ғасырда Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі аймақты алып жатқан Ақ Орданың орнына Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын Шайбанның ұрпағы болып келетін Әбілхайырдың хандығы құрылады. Ол билік құрған 40 жылдын ішінде Дешті-Қыпшақтағы бытырап жатқан тайпалардан бір орталыққа бағынған мемлекет құруға тырысты. Алайда 1457 жылы Сығанақ түбінде Өз-Темір тайшы бастаған ойраттардан жеңілуі және ішкі талас-тартыс кезінде Әбілқайырдың үлкен ұлы Шах-Будаг-сұлтанның өлтірілуі - Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды қудалауға алып келді. Осы жөнінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде былай деген еді: «...1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады». Осылайша Еуразияның шетсіз де шексіз ұлы даласын ертеден мекен еткен түрік тектес көшпелі тайпалардың бірыңғай этникалық топқа жіктелген қазақтар XV ғасырдың ортасында Шу мен Таластың алқабында өз хандығын құрады.

Көне тарихқа үңілсек, Талас пен Шу өзендерінің аңғарлары ерте заманнан түріктерге құтты қоныс, жайлы мекен болған. 1991 жылға дейін жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде бұл өңірде ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің саны 143-ке жетіп отыр.

Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды деп айта аламыз. Түрік қағанаттары кезінде Талас пен Шу өңірінде салынған ондаған қалалар мен елді мекендердің сұсты қамалдары мен зәулім мұнаралары олардың құдіретін бүкіл әлемге паш етті. Батыс Түрік қағанатының орнына келген Түргеш, Қарлұқ және Қарахан мемлекеттерінің тұсында да Талас пен Шу өңіріндегі қалалардың саны өсіп, мықты қорғаныс жүйесі, әрі осы мемлекеттердің орталығына айналды.

Алайда  ХІІІ-ХІV ғасырлардағы тақ үшін болған Ақсақ Темірдің Орыс, Тоқтамыс сияқты Алтын Орда хандарымен жиі-жиі болып тұрған соғыстары, сондай-ақ Ақсақ Темірдің Моғолстан  билеушілерімен қырқыстары қалалар мен елді мекендерді біржолата тоздырып жіберді. Әсіресе, Тараз, Баласағұн, Құлан, Меркі, Аспара сияқты қалалары бар өңірді құлазытып, қиратқан Әмір Темір болды. Ол алдымен Ақ Орда, Моғолстан, одан соң Алтын Орда сияқты түрік тілдес халықтардың мемлекеттік құрылымын әлсіретіп, кейін олардың жойылуын жақындатты. Тіпті Әмір Темір шапқыншылығының күшті болғаны соншалықты Тараз қаласы жойылып, оның орнына Янги Тараз (Жаңа) деген атаумен жаңа қала пайда болады.  Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегіне назар аударсақ: «Янги (Жаңа) - бұл Моғолстанға белгілі жер. Мауераннахрдегі көптеген адамдар осы Янгидан шыққан. Олардың бәрін янгилықтар деп атайды. Янги деп атайтын аймақта бірнеше қаланың орны сақталғаны белгілі».

ХV ғасырда да Тараз өңірі өзара қырқысудың сахнасына айналған. Алайда Талас және Шу аймағындағы қалалардың толық жойылғанына қарамастан өңірдегі отырықшылық пен жер өңдеу шаруашылығы дамуын тоқтатпады. Осыған байланысты XVI-XVIII ғасырларда Аспара, Тараз, Бурана, Садыр қорған, Қойшыман және Шәрі сияқты қалалар өз мәртебсінен айрылса да тіршілік нышанын сақтап қала білді. Осындай қасиетті де, киелі жерде Қазақ хандығының құрылуы заңды құбылыс болып табылады. Яғни, Жәнібек пен Керей сұлтан бастаған тайпалар өздеріне қаны да, жаны да жақын Моғолстан мемлекетіне жақындап барып, Таразды айналып өтіп, Құлан мен Меркіні, Аспараны артқа тастап Шу бойына Қозыбасыға келіп өз хандықтарының туын тігеді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың “Тарих-и Рашиди” атты еңбегінде көрсетілгендей Қозыбасы қазіргі Мойынқұм ауданындағы Жамбыл тауында орналасқан. Бұл жерге қазақтар келіп ханның ордасын тігіп, туын көтерген соң «Хантау» деген атау алады. «Хан тауының» далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Кіші тағы», «Ханның оры», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» - деген жер-су атаулары әлі күнге дейін халық арасында тарихи маңызын жоғалтпаған. Мәселен, әділ әрекетімен дана саясаттың арқасында ел жадында қалып, аты аңызға айналған біртума ханымыз Жәнібектің тұрақ жайы - Керегетас деген жерде болған. Күні бүгінге дейін «Хан қорасы» деп аталатын осы қасиетті мекен-жай қазіргі Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылынан 15, Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жатыр.

Профессор М.Елеуовтың халық арасында жинап алған аңыздарға сүйенсек Керей мен Жәнібек бастаған қазақтар Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшіп, қыс түсе қазіргі Мойынқұм өңіріне жеткен. Құмды қыстап шыққан ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ деп атапты. Қазақ сөзі ол уақытта өзінің руы мен тайпасынан бөлініп кеткен кез-келген еркін адамның жағдайын анықтау үшін қолданылатын. Тұлпарсаз Шу өзенінің жағалауындағы саз. Аңыздарда Жәнібек сұлтан осы Тұлпарсазда өткен  көкпарда тақымындағы көк серкені жан баласына алдырмаған шабандоз, әрі ат құйрығына ойнайтын адам болған көрінеді. Осыдан кейін Керей хан мен Жәнібек сұлтан жаз жайлауы Қозыбасыға қарай көшіп бара жатқанда Бас Ақтөбеге шығады да төбе басында бір-біріне іргелес жатқан ескі қала жұртын көреді, сонда Жәнібек сұлтан тұрып: «Алатағала екеумізді ажырамасын деп осы ескі жұртты бізге бұйыртқан шығар, қаласаңыз, біріне сіз ал екіншісіне мен қоныстанып қала салайық»,-деген екен. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей хан бетін батысқа бұрып: «Уәде, бірақ біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз, аллатағала сәтін салған күні батысқа - Түркістанға жол жүруіміз керек»,-депті. Аңыздың айтуына қарағанда Керей мен Жәнібек сұлтан бастаған қазақтар Шудың бойында ширек ғасырдай мекендеп, жаз жайлауы Қозыбасы, Хан тауы мен Жамбыл тауларында, қыстауы Шудың бойы мен Мойынқұм болған, ал олар қоныс тепкен Шәрі мен Қойшыман үлкен қалалардың қатарына қосылған екен.

Аңыз бойынша Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленсе, Шәрі мен Қойшыаман қалаларын қалмақтар жойып жіберген.  Дегенмен М.Елеуов өзінің көп жылғы қазба жұмыстарына сүйене отырып Шәрі қаласын Қазақ хандығының алғашқы ордасы болуы мүмкін деген тұжырымдама жасайды. Сонымен қатар, тарихшы-археолог М.Елеуов аңыздарда кездесетін Жамбыл, Хантау, Майжарылған, Қойжарылған, таулары мен Сұңқар шоқысы, Мойынқұм, Арқа, Тұлпарсаз, Жыландысай, Қозыбасы сияқты жер-су атауларын экспедиция кезінде анықтап, кейін осының бәрін картаға түсірген.  Осылайша Жаңа Тараз, Шәрі, Меркі, Аспара, ежелгі Баласағұн өңірінде қазақ ұлысы шаңырақ көтерді.

Қазақтың халық болып бүтінділуіне үлкен еңбек сіңірген Қасым хан (1511-1523) ежелгі қазақ жерінің негізгі аумақтарын өз қол астына қаратып, қазақ елінің орасан зор жер аймағын қалыптастырды. Бұл кезде оның шекарасы оңтүстікте Сырдария өңіріне, Оңтүстік Шығысында Шу, Талас сияқты өзендердің алқабына, Солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көліне, батысында Жайыққа дейін жетті. Алайда Қасым хан өлгеннен кейін басталған аласапыран кезінде Шу мен Талас өңірі Қазақ хандығын мүлдем жойылып кетуден аман сақтап қалады. Қасым ханның кезіндегі жетістіктерден айрылып қалған Тахир (1523-1533) мен Бұйдаш (1533—1537) хандардың билігі тек Талас пен Шу өңірінің аумағында ғана сақталды. Мәселен, 1537 жылы Бұқардың ханы Убайдаллах қазақтарды «орасан зор әскермен Сайрамнан Никинге дейін қуып келеді». В.П.Юдиннің пікірінше Никин деп отырғанымыз Янги (Жаңа Тараз) деген қаланың бұрмаланған атауы. Кейін осы қалашықты 1631-1634 және 1723 жылдары Сайрамға бірнеше рет жорық жасаған қалмақтар талқандап кетеді. Тіпті Тахир хан өзін қорғау үшін бұл өңірге Жатан бекінісін салады (Бұл бекініс кейбір тарихшылардың пікірі бойынша Меркі маңында салынған).

Қазақ хандығын қайтадан қалпына келтіруге атсалысқан Хақназар (1535-1580), Тәуекел (1582-1598), Есім (1598-1628), Жәңгір (1628-1652) хандардың тұсында да Талас пен Шу өңірі өзінің маңызын жоғалтпады.

Мұны Әулиеатаның маңайындағы ірі суармалы жүйесінің қолданысқа енгізілгені дәлелдей түседі. Талас өзенінен шыққан арықтарға жаныс, ботбай, шымыр, аққойлы, қаңлы, тілеу  сияқты ру аттары берілген. Яғни бұл кезде көшпенділердің отырықшылыққа өту үрдісінің жүргенін және егіншілік мәдениетінің өркендеп, егін аумағының өсе түскені байқалды.

Сондай-ақ атақты Қарасай батырдың баласы Көшек батыр Есім хан мен Салқам Жәңгірдің сенімді серіктерінің бірі болған. Талас өзененің төменгі бойында туып-өскен. Тектұрмастың түбіндегі биік шоқы Көшек батырдың жазғы жайлауы болған. Бұл шоқыны халық Көшек батырдың көзі тірісінде-ақ Көшек шоқысы деп атап кеткен. Көшек батырдың даңқы Батыр қонтайшының басқыншылығына қарсы соғыста барынша асқақтайды. Ол Тектұрмас қамалын нығайта отырып, жау әскерлеріне тойтарыс береді. Оның сарбаздары Таластан Ілеге дейінгі аралықтағы барлық шайқастарға қатысып, шайқастардың жеңіспен аяқталуында маңызды рөл атқарды. Мәселен, Талас өзені маңында болған шайқаста Көшек батыр жоңғарлардың Қаражар деген батырымен жекпе-жекке шығып жеңсе, Тектұрмас түбінде болған шайқаста Қарадөн деген жоңғар батырын да жекпе-жекте өлтіреді. Жоңғарларға қарсы қүресте бұл жеңістің маңызы зор болды.

Жалпы қазақ-жоңғар соғысына қатысты ең маңызды оқиғалар мен шайқастардың Талас пен Шу өңірінде өткені белгілі. 1723 жылы қазақ жеріне басып кірген жоңғарлар Жетісу өлкесімен қатар Талас, Шу өңірлерін бірінші болып талауға түсіреді. «Қаратаудың басынан көш келеді» деген сөзден басталатын «Елім-ай» дастаны да осы Тараз өңірінен шыққан. Қазақтардың тарих аренасынан жойылып кетуден сақтап қалу үшін батырлар мен билердің жауға берген алғашқы соққыларының бірін осы өңірде ұйымдастырған. 1729 жылы жазда Балқаш көлінен оңтүстікке қарай 120 шақырымдағы жердегі «Аңырақай» шайқасында басқыншыларға шешуші соққы беру үшін қазақтың жасақтары шешуші шайқас алдында Хантау мен Сұңқар тауында (кейін бұл тау Әбілхайыр тауы атанады) жиналады. Бұл таулардың бауырында «Үлкен Орда қонған, «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқастың солтүстігінде Балхаш, оңтүстігінде Отар даласы, батысында Шу, шығысында Күртіге дейінгі аралықтағы бедерлі жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Шайқастың соңғы шешуші сәтінде қазақ жасақтары Итішпестің Алакөлі (Балқаштың Алакөлі емес) маңында ірі жеңіске жетеді. Балқаштан оңтүстікке қарай 120 шақырым жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Сонымен қатар, жоңғармен соғыста қазақ батырлары Талас пен Шу аймағында басқа да ірі жеңістерге жетіп отырған. Мысалға, Саңырық батыр бастаған жасақтың Талас бойын жаудан тазартудағы, әсіресе, Ақкесене мен Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі жыр-дастанға айналды.

Тарихшылар мен археологтардың зерттеуі бойынша ертеде сауда-саттық қарым-қатынасы Шу өзенінің орта тұсы Көктерек елді мекені тұсымен жүрген. Сонымен қатар бұл жолмен тарихи сын кезеңде қазақ жүздерінің басын қосу мақсатында Абылай хан да сарбаздарын бастап жүріп өткен. Сол кезден бастап, ел арасында бұл жол «Хан жолы» немесе «Абылай жолы» деп аталады. Бұл дерек ірі археолог-ғалым Әлкей Марғұлан еңбегінде де көрсетілген. Осы жол маңызды сауда-саттық жолы болды. Ақмола, Қараөткел, Қоянды, Атбасар, Қызылжар жәрмеңкелеріне бару үшін Жетісу қазақтары, қырғыздар, қытайлар осы жолды пайдаланды. Сондай-ақ, «Хан жолы» бойында ат ауыстырып, демалып, сапарларын жалғастыру үшін бекеттер жүйесі жасалынды. Ал, 1774 жылы Абылай хан өзінің ұлы Әділ сұлтанды Ұлы жүзге билеуші етіп тағайындаған кезде оған Талас аңғарынан қала салып берген.

Кенесары бастаған қазақтардың тәуелсіздік үшін жорықтарының ізі де Шудың өңірінде  сайрап жатыр. Ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Кенесары хан Бетпақдаланы басып өтіп, Шу бойымен оңтүстік-шығысқа қарай беттейді.

Тарихшылардың айтуы бойынша, Жетісу өлкесіне келген Кенесары Меркеге келіп сол жердегі қоқандықтардың бекінісін шабуылдамақ болады. Осы кезде бекініс басшысы Мұхаммедәлі Кенесары ханның алдынан шығып, оған Қызылмұрын деген атақты арғымағын сыйға тартады. Осыдан кейін Меркіні жайына қалдырған Кенесары Шу бойына келіп Иткешу деген жерде қыстайды. Сол жерден Кенесары қырғыздарға үш рет жорық жасаған. Осы жорықтар барысында хан сарбаздарын бастаған қолбасшы Ағыбай батырдың Шу өзенінен өткен жері Ағыбай өткелі деп аталып кетті. Бұл өткел қазіргі Кеңес ауылы мен Бірлік ауылының орта тұсындағы Шу өзенінің бойында орналасқан.

Жалпы алғанда Талас пен Шу өңірінің қазақ хандығы кезіндегі атқарған рөлі ерекше. Оны жазып тауысу мүмкін емес. Ең өкініштісі сонда Қазақ хандығының құрылуы да, оның соңғы ханы Кенесарының ажал құшуы да осы өңірмен тікелей байланысты.

«Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты (Мамаш хан, Бұйдаш хан, Тоғым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Салқам Жәңгір, Болат хан). Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша  құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді.  Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады» - деп, Елбасымыз Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде атап өткен болатын.

Баяндамамды мына сөздермен: «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айрылады», – деп аяқтағым келіп отыр.

Find the Best Web Hosting which offers reliable service and top quality support